Жақында тележүргізуші Нұрбек Бекбау facebook парақшасына АҚШ-тағы қазақтың автокөлік рөлінде келе жатып, «үкіметке алақан жайған» қазақ халқын сынаған видеосын жариялады. Алайда, көп ұзамай оған Канада еліндегі қазақ жігіт видео арқылы жауап қайтарды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдымен АҚШ-тағы қазақ жігіттің сөзінен үзінді келтерейік.
«Дамып кеткен Американың өзінде жарты халқы өмір бойы арендадағы үйде тұрады. Ал біз тәуелсіздікті кеше алдық. Енді ғана тәй-тәй басып, «нан берші, кәмпит жеймін, туалетке барамын» дегенді енді айтып үйреніп келе жатқан бала сияқтымыз ғой. Сендер ойласаңдаршы, енді тәуелсіздік алып жатқанда, Америка сияқты өмір сүріп кетуіміз керек пе не? Ол мүмкін емес қой!..
Олар «біз ең мықты мемлекетпіз, державамыз, неге квартирада тұрамыз?» деп айтып жүрген жоқ. Оларға қалыпты жағдай. Өйткені, олар біздің халық сияқты еркелемейді. Еркелеудің қажеті жоқ! «Үкімет ақша бермейді, үкімет ақша бермейді» дейсіңдер. Ал қай мемлекет ақша беріп жатыр, маған айтыңдаршы?! Міне, мына мемлекет миллиондаған ақша беріп, халық байып жатыр деп айтыңдаршы...», - деп өз-өзінен «шала бүлініп», дауыс көтере сөйлеген ол.
Ал мұнайшы Бауыржан Бердібайұлының facebook парақшасына жарияланған Канада еліндегі қазақтың оған қайтарған жауабында айтқан дәлелі мүлде кереғар болып шықты. Толық нұсқасын ұсынайық.
«Америкада халық үкіметтен көмек сұрамайды» деп бір жігіт видео түсірді ғой. Соған қарсы осы видеоны жіберіңдерші. Ол басын айтып, басқа жақсы жерлерін айтпайды. Көп жерлері рас, иә, Америкада, Канадада адамдардың 60 пайызы жалдамалы үйлерде тұрады. Бірақ, олардың не үшін олай тұратынын айтпаған.
Себебі, бұларда үйің қымбат, сықиған болса, налогты көп төлейсің. Үйің кішкентай болса да налог ай сайын 70 доллардай шығады. Сондықтан оларға кішкентай үйді сатып алғаны не, жалдағаны не, бәрібір бағасы бірдей болады. Соны айтпай кетті. Екінші, ол «дамыған елде үкіметтен көмек сұрамайды» дейді. Өтірік! Сұрағанда қандай! Ақшаны үкімет өзі береді саған!
Мысалы, біз «коронавирусқа қатысты жұмыс істемей отырмыз» деп жазып жібердік. Әйеліме бала баққаны үшін 2 мың доллар берді, мен жұмыссыз қалғаным үшін 2 мың доллар алдым. Әр балаға бізде 900 доллардан береді. Екі балаға 1800 доллардан алып жатырмыз. Сонда осы сәуір айында біз 5800 доллар алдық. Мен шындығымды айтып отырмын.
Америкада да көмектесіп жатыр, ана жігіт оны айтпай кетті. Қанша беріп жатқанын білмеймін, бірақ, жобамен әр адамға мың доллардан беріп жатыр деп естідім. Тағы да не айтпай кетті ол жігіт... Аа, мысалған мәшін шетелде 3 есе арзан. Мына «Тундра» теңгеге шақсаң, маған 7 миллион теңгеге шықты. Ал Қазақстанда – 20 миллион теңге. Анау польный приводный, 7 орындық машина 4 миллион теңгеге шықты. Үй 2 есе арзан. Ал айлық менде 10 есе көп болды. Мына үйді 10 миллион теңгеге алдым.
Ал мұнай саласында істеп жүргендіктен, менің айлығым 7 мың доллар болды. Қазақстанда ондай айлық алған жоқпын. Онда да осылай инженер болдым. Енді көріңіздер, мұнда мұнай саласында істейтін простой рабочийдің айлығы – 4-5 мың доллар. Ал кофетерий, такси саласындағылар 3 мың доллардан алады. Соны неге айтпай кетті ол жігіт?
Менің ойымша, ол «үкіметтен сұрамаңдар» деп сол үкіметтің заказымен түсіріп жүрген жігіт. Сондай адамдарды әдейі жібереді, «мақтап түсіріңдер, дым да сұрамасын» деп. Халық сұрауы керек! Неге қазір канадалықтардың бәрі үйінде отыр? Себебі, үкімет бүкіл жағдайын жасап беруде, «үйде отырыңдар, біз бәрін төлейміз» деп.
Осыны айтпайды сол жігіт. Қайдағы жоқ бірдеңе... Голландия дейді. Мен Голландияда болдым! Ол жақта сағат төртте ешкім жұмысқа бармайды. Фермерлерді айтып жатқан шығар. Фермерлердің өз жері ғой, өзі біледі нешеде жұмысқа баратынын. Голландияда жұмыстары 8-9-да басталып, 4-те бітеді. Мен онда 2 айдай оқыдым. Голландия, Дания, Белгия бәрінде жұмыс 4-те бітеді. Ал сағат 6-да дүкендері жабылады.
Анау «құлақтан теуіп» отыр кәдімгідей! Ал біздің Қазақстанда, керісінше, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді адамдар. Таңертең 8-де шығады да, 9-10-ға дейін жүреді. Еуропалықтардың ерте тұратындары рас. Бірақ, жұмысы 6-да шықса, 2-де бітеді. Құлақтан теппесін анау!» - дейді шетелде жергілікті халықпен қатар жақсы өмір сүріп жатқан азамат.