02.03.2016, 04:33

Респонденттердің 55.6%-ы елде өтетін сайлауға қарсы - сауалнама

Ағымдағы жылдың 20 наурызында елде Мәжіліс және аймақтардағы мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтетіні белгілі. Парламенттің төменгі палатасын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасын қаңтар айының басында Мәжіліс депутаттарының өзі көтерген болатын. Ал арада бір тәулік өтер-өтпестен Астанада Еуразиялық интеграция институтының өкілдері брифинг өткізіп, осынау бастаманы халықтың 93 пайызы қолдап отырғанын жеткізді.

Олардың сөзіне сенсек, орталық мамандары бір күннің ішінде халық арасында сауалнама жүргізіп, оған 615 адам қатысыпты. Сол 615 адамның 93,6%-ы мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдаған көрінеді. Жә, солай-ақ бола қойсын. Бірақ, 615 адамның пікірі деген бүтін бір халықтың пікірі емес қой?!

Осы ретте біз де Skifnews порталында өз сауалнамамызды жүргізіп көрдік. Оған барлығы 850 оқырман қатысып, өз таңдауларын жасады. Халықтың атынан сөйлемей-ақ қояйық, дегенмен, дауыс бергендердің жартысынан көбі елде мерзімінен бұрын Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бастамасын қолдаған жоқ.

Жалпы нәтиже мынадай:

Парламент Мәжілісіне сайлау өткізу бастамасын қолдайсыз ба?

- Иә, қолдаймын! Төменгі палата депутаттарын жаңарту керек - 6.5%

- Егер зейнет жасындағы депутаттарды жастар алмастырса қолдаймын - 19.2%

- Иә, қолдаймын! Мәжілістегі қазіргі депутаттар Елбасы тапсырмаларын орындай алмады - 5.2%

- Маған бәрібір - 7.9%

- Қолдамаймын, Мәжіліс сайлауынан елімізде оң өзгерістер орын алмайды - 55.6%

Яғни, сауалнамаға қатысқан 850 оқырманның 473-і мерзімінен бұрын өткізілетін сайлаудың елдегі экономикалық және саяси жағдайға еш өзгеріс алып келмейді деп есептейді. Ал, 163-і зейнет жасына келген депутаттар орнын жастарға берсе сайлаудың әділ өтетінін айтады. Бұл ретте айта кету керек, саяси науқанда бақ сынап жатқан үміткерлердің арасында зейнет жасынан асып кеткендер әлдеқайда көп.