Қытайдағы саяси жағдайға байланысты бес бірдей қандасымыз елге келіп «босқын» мәртебесін сұраған болатын. Бірақ, оларға бере алмадық. Мұндай пікірді Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының Босқындар туралы» заңы 1-бабының 1-тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның туыстарының не жақын туыстарының біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін деген толықтыру енгізуді ұсынған.
«Өйткені, соңғы бір жыл ішінде Қытайдағы саяси жағдайға байланысты 5 бірдей қандасымыз елге келіп, «босқын» мәртебесін сұраған болатын. Өкінішке қарай, еліміз «Босқындардың жағдайы туралы» конвенцияны ратификациялап, өзіне халықаралық міндеттемелер ала тұра, осы азаматтардың барлығының жақын туыстары Қазақстанда тұрса да, бірде-біреуіне «босқын» мәртебесін бере алмадық.
Шетелдегі этникалық қазақтарға табиғи апат, экономикалық немесе саяси дағдарыс, түрлі дискриминациялық жағдайлар туындағанда Қазақстан үкіметі тікелей араласып, қандастардың құқығын халықаралық деңгейде қорғай алуға заңдық тұрғыда мүмкіндік жоқ. Бұл ұсыныс та келешекте пысықтауды қажет ететін болды», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Бұған дейін бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келетінін айтқан болатын.
Сонымен қатар, Сенат отырысында қандастардың азаматтық алуын жеңілдететін заң қабылданып, Дариға Назарбаева бастаған сенаторлар «оралман» сөзінен бас тартты.