Президент мәлімдемесіне қатысты Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразова өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Ел Президентінің мәлімдемесінде айтылған дүниелердің барлығын дұрыс деп санаймын. Халықтың денсаулығы, ұрпақтың амандығы үшін мәселелерді жан-жақты қарастыра білген. Ешкімнің де елеусіз қалмайтыны айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғысын білдірді. Бұл сала мамандарына халықта риза ғой деп ойлаймын», - деді Аягүл Миразова.
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретіндігін айтты. Осы орайда құрметті ұстаз Аягүл Миразова қашықтан оқу тәжірибесінде цифрлық сауаттың артқанын алға тартады.
«Әрине, аудитория ішінде мұғаліммен жүзбе-жүз отырып, білім алғанға не жетсін. Дей тұрғанмен, қашықтан оқытудың аясында ата-аналардың да цифрлық сауаттылығы артқаны байқалады. Заманауи техникалық құралдарды еркін меңгеруге жол ашылғандығы көрініп келе жатыр. Денсаулық болса, білім алуға да, қалыпты тіршілік кешуге де болады. Сондықтан, қойылған талаптарға бағынуымыз керек. Өз денсаулығымызға деген жауапкершілік бұл қоғамға деген жауапкершілік», - дейді Аягүл Төреқызы.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан төтенше жағдай режиміне 2020 жылдың 16 наурызында көшкен болатын. Індет санын жұқтырғандар санының ұлғаюына байланысты, төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзарту туралы Президент шешім қабылдады.