Танымал саясаткер, Ұлттық кеңестің белсенді мүшесі Мұхтар Тайжан президент Тоқаевтың баяндамасына көңілі толмайтынын айтты.
«Тоқаевтың мәлімдемесін тыңдадым. Көңілім толмады. Экономикаға қатысты тұсы тым шикі. Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесі Назарбаевтың осыдан 5-10 жыл бұрынғы баяндамасынан айырмашылығы шамалы болды.
Сол баяғы сарын. 7-20-25-тің орнын 5-10-20 алмастырды. Тұрғын үй банкінің орнына Отбасы банкі келді.
Өзгерген – бағдарлама атауы мен банктің маңдайшасындағы жазу ғана. Ал түпкі мәні сол баяғы», – дейді Мұхтар Тайжан.
Оның пікірінше, мемлекеттің ақшасын үнемдеу «Астана» қаржы орталығы секілді «қайырсыз» жобаларды жабудан басталады.
«Экономикада сұраныс болмаса, халық тақыр кедей болса, кредитті қалай алады? Статистикаға қараңыз, 7-20-25 бағдарламасы өз-өзін ақтаған жоқ. Күл-парша болды. Қайта қателік жіберудің қажеті бар ма?
Мемқаржыны ірі бизнеске көмектесуге бағыттау да ақылға сыймайды. Әрбірден соң бұл – нарықтағы әділ бәсекені буындыру. Соңғы 20 жыл бойына осыны естіп келеміз. Түзелгеніміз шамалы. Керісінше, күйзеліске түсіп, жемқорлар халықтың ақшасын талан-таражға салуда.
«Астана» қаржы орталығын мүлдем жабу керек. Тоқаев болса, оны «қайта тірілтеміз» дейді. Бұл – мемлекеттің ақшасын рәсуалау. Қаржы орталығынан халыққа қайыр жоқ!» – дейді саясаткер.
Оның айтуынша, прогрессивті салық салу да жақсылыққа әкелмейді. Мемлекеттің мақсаты – байлармен күресу емес, керісінше, кедейлердің санын азайту болса керек. Айналып келгенде, мұнда да коррупцияның көрігін қыздыратындар ұтады.
«Бұл баяндамада квазисектордың үлесін төмендету; Жекеменшіктің құқын қорғау; Сот билігін күшейту; Монополизмді тізгіндеу; Мемлекеттік шығынды азайту;
Экономикада әділ бәсеке орнату туралы мәселе көтеріледі деп болжағанмын. Үміт ақталмады. Баяғы жартас – сол жартас екен. Тиісінше, нәтижесі де баяғыдай болады. Өкінішті...
Мемлекеттің ақшасын әрі-бері сапырылыстырып отырған Үкімет пен Ақорданың экономистері бір күні оңбай опық жейді. Бұған өздері кінәлі болады», – дейді Тайжан.