15.05.2020, 02:35

Берік Уәли Тоқаевтың facebook желісіне тіркелмегенін жеткізді

фото: zakon.kz
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Твиттерде және Инстаграмда тіркелген. Ал Фейсбукта Мемлекет басшысының атынан тіркелген барлық аккаунттар мен парақшаларға сенбеуге шақырамын» деп жазды ол.

Кеше желі белсендісі Талғат Қатауов facebook парақшасына Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиді белгілеп, одан осы желіде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ашылған аккаунт иесі өзі ме, әлде фейк пе екенін сұрады. Көп ұзамай, оған Берік Уәли жауап жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдымен Талғат Қатауовтың жазбасын ұсынсақ, ол: «Құрметті Берік Уәлиұлы! Ассалаумағалейкүм! ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың әлеуметтік желі – Твиттерде тіркелгенін жақсы білеміз. Ал фейсбукта Қасым-Жомарт Тоқаев болып тіркелген ҚР Президенті ме? Әлде Мемлекет басшысы атынан кіріп отырған өзге адам ба, фейк пе? Соның жауабын берсеңіз», - деп өтінді.

Ал сол жазбаның сілтемесін алып жариялаған Президенттің баспасөз хатшысы, өз жауабында Қасым-Жомарт Тоқаевтың facebook желісіне тіркелмегенін, оның атынан ашылған аккаунттың жалған екенін мәлімдеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ашылған жалған аккаунттар мен парақшалар бұған дейін де көп болған. Бола беретін де шығар. Әлеуметтік желілерде ашылып жатқан мұндай фейктерге сенудің қажеті жоқ. Өзіңіз айтып отырғандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы Твиттерде және Инстаграмда тіркелген. Ал Фейсбукта Мемлекет басшысының атынан тіркелген барлық аккаунттар мен парақшаларға сенбеуге шақырамын» деп жазды ол.

Сол-ақ екен, сұрағына мардымды жауап алғанына марқайған Талған Қатауов осы күні парақшасына «ФЕЙСБУКТАҒЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ДЕП АШЫЛҒАН АККАУНТ ПРЕЗИДЕНТ ЕМЕС» деп басталатын құлақтандыруын қайта-қайта жариялап жатыр.