Атышулы Айсұлтан Рахат карантин кезінде біраз отбасыға қайырымдылық жасаған екен. Атап айтқанда, ол Нұр-Сұлтан қаласының бір шағын ауданындағы тұрғындарға азық-түлік пен қаржылай көмек көрсеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы журналист Жолымбет Мәкіш facebook парақшасына жазды.
фото: Жолымбет Мәкіштің facebook парақшасынан
«Айсұлтанның астанадағы бірнеше үйге жолай кіріп шығып, пакет-пакет тамақ үлестіріп, біразының қолына ақша ұстатып кеткені рас болып шықты. Алдындағы дін туралы жазғанына байланысты ештеңе айтқым келмейді. Оны осы жерде үндемей отырған теологтар мен дін өкілдері-ақ айтсын, айтқыш болса.
Айсұлтанның жолы түскен сондай үйдің бірі – Сәнді Ақылай апайымыздың үйі екен. Үйге аяқасты кіріп келіп, өзін «Алла жіберді» деп айтыпты. «Өте қарапайым, адамның көзіне тік қарайтын жылы жүзінен бір мейірімді байқадым», - дейді Сәнді апайымыз.
Айсұлтанның ішінде не болып жатқанын білмейміз. Өзі оған «Жүрек перзенттері» деп аталатын мына кітабын сыйға беріпті. Қасында атқосшылары көп екен. Қазақша мүлдем білмей ме деп ойлап едім, қазақшаға жетік болмаса да, екі тілде бірдей сөйлеген көрінеді.
«Ауыл жақта бір аналар бар еді, соған да баруым керек», - деп Айсұлтан содан көп бөгелмей, қайта кетіп қалыпты. Қандай оймен қайырымдылық жасап жүргенін білмеймін, егер халыққа шынымен де жаның ашып жүрген болса, Алла жар болсын cаған, Aйсұлтан!» - дейді Жолымбет Мәкіш.
Еске сала кетсек, Айсұлтан Рахат 2017 жылы facebook парақшасында өзінің бір қайырымдылық қор ашқысы келетінін жазған болатын. Бірақ, тұрмысы нашар отбасылар үшін емес, өзі сияқты есірткіге елітіп, есінен адасып жүрген жандарды емдету мақсаты көзделген еді. Ал қазіргі әрекеті көпшілік күтпеген тосын жайт болып отыр.