РФ президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен Барак Обама Ресейде тұтқында отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченконы босатуды сұрады. Бұл жайында «Интерфакс» агенттігі хабарлап отыр.
АҚШ-тың Ресейдегі елшілігінде баспасөз хатшысы болып қызмет істейтін Уилл Стивенстің айтуынша, Обама өзінің ресейлік әріптесін Минск келісіміне сәйкес әрекет етуге шақырған. Яғни, аталған келісімде Ресей мен Украина тарапы заңсыз ұсталған тұтқындарды тез арада босатуы тиіс. Сондықтан, Ресей емес, Украина аумағында ұсталған Надежда Савченко отанына қайтарылуы керек дейді АҚШ президенті. Екі елдің басшыларының арасындағы телефон әңгімесі 14 наурызда орын алған.
Айта кетейік, Савченкоға үкімді Ресей соты 21 және 22 наурыз күндері оқитын болады. Прокурор айыпталушыны 23 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуін және 100 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуін сұрап отыр. Ал, Савченконың қорғаушысы Марк Фейгин болса ұшқыштың ақталып шығатынына үмітті. Савченко болса өзін мүлдем кінәлі санамайды.
Украина Қарулы күштерінің аға лейтенанты Надежда Савченко Ресейде қамауда 2014 жылдың шілдесінен бері отыр. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол сол жылдың маусымында Луганскте жергілікті жасақтың шебін анықтап, оны Украина әскеріне көрсеткен. Әскерилер болса шепті атқылап, салдарынан ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошин қаза тапты. Ресейлік құқыққорғаушылардың айтуынша, Савченко РФ аумағына құпия кірген кезде ұсталған. Алайда, ұшқыштың өзі болса Донбасс қаласында жүрген жерінде ұсталып, Ресейден бір-ақ шыққанын айтып отыр.