Соңғы 20 жылда Қазақстаннан шетелге 140 млрд АҚШ доллары заңсыз шығарылған. Алайда, бұл соманы әлі де нақтылау керек. Өйткені, мемлекет зерттеу жүргізбейді. Бұл аздай, мониторинг және бағалау жүйесі де жоқ. Ал келтірілген деректі «Tax Justice Network» халықаралық ұйымы ұсынған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Шетел асып кеткен миллиардтар жыры бүгін Сенат қабырғасында көтерілді.
«2015-2019 жылдар аралығында ұлттық және шетел валютасын қайтару талаптарын сақтамау фактілері бойынша 238 қылмыстық іс қозғалған. Олардың 170-сі құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды. Ақшаны заңсыз шығару фактісі бар, бірақ, ол факт ұлттық заңнамада құқық бұзушылық ретінде қарастырылмайды», - дейді сенатор Ольга Перепечина.
Сенатор келтірген 140 млрд долларды бұған дейін төменгі палата депутаттары да айтқан. Азат Перуашев бұл тақырыпты осыдан 2 жыл бұрын көтерсе, 2014 жылы сол кездегі Бас прокурор Асхат Дауылбаев та дәл осы сомманы атаған еді.