21.03.2016, 06:50

САЙЛАУ-2016: Танымал продюсер өз орнына өзге біреудің дауыс бергенін айтты

Танымал телепродюсер, "КешYOU" мен "Алау" топтарының директоры Назым Басқынбаева кешегі өткен сайлауда өз орнына өзге біреулердің дауыс беріп жібергенін айтты. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеген.

Продюсер сайлау учаскесіне кешігіп келіпті. Дауыс берушілердің журналына тіркелмек болғанында өзге біреудің "Назым Басқынбаева" деп тіркеліп, бюллетень алғандығын растау үшін қол да қойғандығын аңғарған. Ал, осынау журнал мен бюллетеньдерге жауапты комиссия мүшесі Назымның орнына кімнің дауыс бергендігін айта алмады.

"Таңертең Астанадан кешігіп келдім. Алматыда болмаған 6 күн ішінде кеңседе де, үйде де жұмыс жиналып қалыпты. Салдарынан сайлау учаскесіне кешігіп, сағат 19:05-те бардым. Сөйтсем, менің орныма өзге біреу дауыс беріп қойыпты. Мен кешіккенім үшін уайымдап, азаматтық борышымды өтейін деп асығып барсам, мен үшін өздері барлығын жасап қойған. Біреудің қателігі шығар деп аса мән бермей, түзетейін деп ойладым. Сол кезде учаскеде отырған әйел "түрлі журналистер келіп, сайлау біткенде сенсация іздейді" деп дөрекілік танытты. Мен де қарап қалғаным жоқ, учаске басшысын тауып алып, менің және менің анамның орнына кімнің және не үшін дауыс бергенін түсіндіріп беруін талап еттім. Сол кезде шошынған қызметкер жаныма келіп, өзінің аңғалдығы үшін кешірім сұрады" дейді Назым Басқынбаева.

Айта кетейік, кеше сайлау кезінде бір адамның бірнеше рет дауыс бергенін, жәшікке бірнеше бюллетеньді бірінен соң бірін салып жатқанын хабарлаған болатынбыз. ҚР Бас прокуратурасы бұл мәліметтерді міндетті түрде тексеретінін хабарлады.