03.06.2020, 09:20

Белгілі дәрігер Тоқаевқа Мәжілісті тарату туралы ұсыныс тастады

Фото: 7kun.kz
"Қазіргі құрам халық сенімінен толықтай айырылды, халық мүддесін қорғамақ тұрмақ, онымен диалог жасай алмайтынын көрсетті".

Белгілі қазақстандық дәрігер Қайырғали Көнеев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәжілісті таратуды сұрады, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы kaztag.kz-ке сілтеме жасап.

«Петицияға қол қойған 170 мың азаматтың пікірін ескерместен денсаулық туралы халыққа қарсы Кодексті қабылдағаны үшін ҚР парламенті мәжілісін таратуды сұраймын», - делінген Көнеевтің өтінішінде.

Ол президентке, өзінің пікірінше, шұғыл және айқын нәтиже берген елді нығайтудағы нақты нәтижелі қадамдары үшін ризашылығы мен алғысын білдірген.

«Көптеген сіздің шешімдеріңіз уақытылы және дұрыс болды: коронавирусты инфекция пандемиясы кезінде елімізде төтенше жағдайды уақытылы енгіздіңіз, соның арқасында белгісіз жаңа, сонымен қатар аса қауіпті дерттің салдарынан адамдардың жаппай өлімінің алды алынды; ТЖ кезінде елдегі миллиондаған отбасыға қаржылық көмек көрсетілді; бұл да әлеуметтік саясаттың маңыздылығын көрсетеді; президент болған алғашқы күніңізден бастап сіз «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын енгізіп келесіз; ҚР парламентіне оппозицияны ұсыну бойынша ырықты өзгертулер енгізу де сіздің бастамаңыз», - деп жазған белгілі дәрігер.

Десек те, Көнеев атап өткендей, «Тоқаевтың саясатына «жергілікті атқамінерлер» мен «халықтық емес» депуттаттар тарапынан «тыныш» қарсылықтың бары сезіледі», олар оның көптеген тапсырмаларына «қасақылық жасауда». «Қазақстанның 170 мыңға жуық азаматының электронды петицияда денсаулық туралы халыққа қарсы Кодекске қарсылық білдіргеніне қарамастан ҚР парламентінің мәжілісі ол кодексті қабылдады, халықтың дауы мен мүддесіне құлақ асқан жоқ, кей резонанс тудырған сөздерді ғана өзгертіп, мән-мағынасын сол күйінде қалдырды. «Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасына халық денсаулығын қорғау жүйесін жақсарту бойынша практикалық ұсыныстарды енгізуі керек. Парламент кодексті сессия соңына дейін қабылдайды деп сенемін» деген Сіздің 27 сәуірдегі тапсырмаңызға қарамастан 170 мың азаматтың қалауы естусіз қалды. Кодекске қарсы петицияға қол қойған 170 мың ҚР азаматы өздерін кемсіткендей сезінді, олар Қазақстан Конституциясының 33 бабы 1 тармағындағы - Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар -конституциялық құқықтарының бұзылғандығын сезінуде», - деп атап өткен дәрігер.

Ол 11 шілде күні денсаулық туралы халыққа қарсы Кодекске қарсы бейбіт митинг өткізу туралы өтінімді Алматы әкімдігіне бергенін нақтылады.

«Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы белсенділер өз өңірлерінде митинг өткізуге ниет білдірді. Сонымен қатар маған басқа да өңірлерден көптеген адамдар өз өңірлерінде өтінім беруге және 11 шілдеде заң аясында өтетін бейбіт митингке қосылуға дайын екендерін жазуда. Соған қарағанда Кодекске қарсы петицияға қол қойған 170 мың азамат денсаулық туралы халыққа қарсы Кодекске қолданыстағы заңнама аясында қарсылық білдіруге сенімді түрде шешім қабылдаған», - делінген хабарда.

Дәрігердің айтуынша, «петицияға қол қойған 170 мыңның басым бөлігін әйелдер құрайды», соған байланысты ол заң аясында бейбіт қарсылық акциясы өтетін күн жақындағанда «қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және болуы мүмкін арандатушылықтардың алдын алу үшін өңірлердегі жергілікті полиция қызметіне қосымша өтініш жазуға» уәде берді. «Жоғарыда айтылғандарға байланысты сізден ҚР парламенті мәжілісін тарату үдерісін бастауыңызды сұраймын, себебі қазіргі құрам толығымен өзінің беделін түсірді және халықтың мүддесін танытуға қабілетсіздіктерін айтпағанда, халықпен диалог жүргізе алмайтындарын көрсетті», - деп тұжырым жасаған Көнеев.

Еске салсақ, 13 мамырда мәжіліс депутаттары екінші оқылымда ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын мақұлдап, сенат қарауына ұсынды. Кодекс қалың бұқара тарапынан сынға ілікті.