Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан азаматтарының елде митинг өткізуіне үзілді-кесілді қарсылық танытты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.
«Карантин әлі біткен жоқ. Көпшілік шараларға тыйым салынған. Себебі, инфекцияның таралу қаупі бар. Сондықтан заң талаптарын орындау қажет. Ал заң бойынша пандемия кезінде бас санитар дәрігердің талаптарын міндетті түрде орындау қажет. Оны бұзғандарға әкімшілік шара қарастырылған», - деді Біртанов кешегі онлайн брифингте.
Осы орайда, министр митинг ұйымдастырушыларға ондай шараларды кейінгі шегеруге кеңес берді. Себебі, қазіргі жағдайда митингіге үндеу халықтың өміріне қауіп төндіретін шараға жинаумен бірдей болады.
«Ондай жерде коронавирус тез таралып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан біз дәл қазір митинг өткізуге үзілді-кесілді қарсымыз. Бәрін заң аясында жасау қажет», - деп атап өтті Біртанов.
Еске сала кетсек, 2 маусымда коронавирус пандемиясына және бұқаралық шараларға тыйым салынғанына қарамастан, көпбалалы аналар елорданың орталығына жиналды. Кем дегенде елу әйел пәтер беруді талап етіп, рұқсат етілмеген митингіге шықты. Наразылық білдірушілер – көпбалалы және мүгедек балалардың аналары, кейбірі кәмелетке толмаған баласын өздерімен бірге алып келді.