Пекиндегі базарлардың бірінде коронавирустың жаңа түрі пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz, РИА Новостиге сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, ол осыған дейін пайда болған коронавирустан әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін. «Эволюция барысында вирустың жұқпалы деңгейі жоғарылауы немесе әлсіреуі мүмкін. Бірақ мен Синьфади нарығында анықталған SARS-CoV-2 коронавирусы Ухандағы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда жұқпалы деп санаймын», - дейді Ухань университетінің медицина бөлімінің профессоры Ян Чжаньцю.
Айта кетерлігі, жаңа вирус туралы ресми хабарлама өткен жылдың желтоқсан айында айтылған. 2020 жылдың 17 қаңтарына дейін 62 расталған жағдай тіркеліпті. Дер кезінде науқастарға тексеру жүргізіліп, сынамалар алынған. Алайда нәтижелер әлі де белгісіз болып отыр. Яғни, мамандар вирус туралы нақты ештеңе айта алмай отыр.
Осыдан шамалы бұрын Қытай елінен тағы (COVID-19 вирусынан бөлек) бір індет ошағы анықталған болатын. Нақты айтар болсақ, Қытайдың Юньнань провинциясында коронавируcтан бөлек тағы бір вирус шыққан. Жұмбақ жағдайда қайтыс болған бір адамға дәрігерлер хантавирустан шығатын кардиопульмональді синдром деген диагноз қойған болатын. Ол адамның қасында болған 32 адам карантинге жатқызылған. Бір жақсысы, ол вирустың жаппай таралуы туралы ақпарат тіркелген жоқ.
Білікті маман, Оңтүстік Кореяның Hallym халықаралық медицина университетінің түлегі және Hallym ауруханасының дәрігері Айымбек Ұлықпанның айтуынша, Хантавирусты емдейтін вакцина жоқ. Әрі соншалықты үрейлі емес. «Хантавирус – қазақшалап айтқанда тышқанвирус деуге де болады. Себебі бұл вирус кеміргіштер арқылы адамға жұғатын ауру. АҚШ-тың жұқпалы ауруларды бақылау орталығының мәліметтері бойынша, бұл вирусты жұқтыру қаупі тіпті дені сау адам үшін де өте жоғары. Хантавирус симптомдары көптеген респираторлық аурудың белгілеріне ұқсас. Бас ауруы, әлсіздік, жөтел, ас қорытуда қиындық, құсу байқалады. Хантавирусты емдейтін вакцина әлі жоқ дейді. Ал аталған хантавирус соншалықты үрейлі емес. Яғни әзірге бұл індеттен қауіп аз. Есесіне, мейілінше коронавирустан сақтану қажет», - деп мәлім еткен.
«Хантавирус өте сирек кездесетін вирус. Бұл вирустың қазірге 12 түрінен 1 түрі ғана адамнан адамға жұққаны байқалған. Басқа түрлері адамды тістеу немесе шағу кезінде жұғады. Кеміргіштердің сілекейі, зәрі немесе кеміргіштердің нәжісімен ластанған заттардан (тістеу, шағу арқылы) жұғады. Бұл вирус жүрек тоқтауына алып келеді және науқастардың шамамен 36-40 пайызын өлімге апарады, бірақ ол адамнан адамға таралмайды. Дегенмен кейбір мәліметтерге қарағанда адамнан адамға жұққаны байқалды, – дейді дәрігер.