Біздің елдің зиялы қауымының ұстанымы тым қызық. Принцип, азаматтық ұстаным деген дүниелерге көп бас ауырта қоймайды. Әсіресе саясаткер атанып, билік пен халық арасында жүргендердің дені саяси науқан кезінде мүлдем ала бөтен күй кешеді. Тым құбылмалы, кез келген жағдайға оп-оңай бейімделіп ала салады. Бұл жағынан тіптен құбылғының (хамелеон) өзін артқа тастап кетеді. Әрине, бәрі емес. Осындай азаматтардың біразы бір тудың астына жиналып, партия құрып жатқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Партия болғанда су жаңа ұйымның ресми атауы «Nur Otan» партиясының жақтастары Лигасы деп аталады екен. Оның құрамына белгілі ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов, журналист Бибігүл Дәулетбек сынды біраз адам шақыртылған екен. Сонымен қатар, М.Шибұтов, Э.Полетаев секілді саясаттанушылардың да аттары аталады. Айтпақшы, араларында Яков Федоров деген блогер бар көрінеді.
Жақтастар лигасы өздерінің алғашқы жиналысын өткізіп, мақсат-міндеттерін жария етіп үлгерді. Айтуларынша, жақтастар Лигасының басты міндеті - елдегі демократиялық процестерді дамыту, алдағы саяси науқандарға жастарды тарту. «Қазақстан халқы әрқашан революциялық емес, эволюциялық даму жолын таңдады. Жақтастар Лигасы елдегі өзекті мәселелерді «Nur Otan» партиясы төңірегіне шоғырландыра отырып шешуді көздейді. Сол секілді кедейшілікпен күрес, әлеуметтік жағдайды көтеру, сайлауларды соның ішінде өткізілгелі отырған праймеризді әділ өткізу де мәселесі де назарда болмақ. Елде әлеуметтік әділдік жоқ. Сол себепті, «Nur Otan» партиясының алдына рухани құндылықтар мәселелерін қойып, соның шешімін талап етуіміз керек. Қазіргі жүйені құлатпай-ақ, қол жеткізген мемлекеттілігімізді сақтай отырып, демократия жаққа қарай жылжып кетуіміз керек», - дейді, Еуразиялық интеграция институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров.
Бұл жағдай әрине, мемлекеттік БАҚ тарапынан керемет дүние ретінде әспеттеліп жатыр. Тиынын төлесең болды «кесек-кесек сөйлеп» көмкеріп кете беретін блогерлер де «демократиялық жолға бастайтын бұл ғажайып үрдіске» аң-таң қалысып жатыр деуге болады. Оларға сенсек, бұл ұйым «Nur Otan» партиясының саяси әлеуетін пайдалана отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге таптырмайтын мүмкіндік-міс.
Сол секілді пікір білдірген кейбір саясаткерлер де бұл лиганы білікті жастарды партияға тартудың таптырмас амалы деп есептейтінін айтқан.
Ал былайғы жұрттың пікірі мүлдем басқа секілді. Әлемжеліде лига құруға қатысты пікірлер де сан алуан. Біреулер «Жақтастар лигасы емес, жағымпаздар лигасы!!!» деп пікір қалдырса, тағы бірі «Өңкей «титандардан» құралған лига екен» деп өз ойын білдірген.
«Біз не көрмедік, кезінде президент сайлауына үміткер ретінде қатысып тұрып «дауысымды Назарбаевқа беремін!» дегендерді де көрдік қой! Оның қасында мынау түк емес!» деген пікірді де көзіміз шалды. «Ал жағынып қалыңдар, жігіттер!» деген пікір болғанын да айта кету керек.
Сол секілді, «Нұротандықтардың сайлау жайлы уайымдамай, Назарбаев пен Байбектің тыныш ұйықтауына болады!» деп мысқылға ұқсас жазба қалдырғандар да бар.
Тіптен бұл жағдайды абсурд жағдайға теңегендер табылған: «Бүгінгі күннің абсурды: партияны қолдау үшін партия құрылып жатыр»
Белгілі журналист, қоғам белсендісі Ермұрат Бапи ағамыз да өз пікірін білдіріп үлгерген. Айтуынша, бұл саяси ойын. «Бұл лиганың басты мақсаты - Нұр Отанның тікелей мүшесі болғысы келмейтін тәуелсіз саясаттанушылар мен білікті жас мамандарды жақтастар қатарына қосу. Ол бос құрылым емес. Ол қаржымен жабдықталатын және әкімшілік ресурстармен қамтамасыз етілетін лига. Олар қай жерге барса да жергілікті әкімшіліктердің көмегімен жұмыс істейді, солардың көмегі арқылы халықты жинайды, солардың көмектері арқылы елдің санасын улауғу қатысады. Сондықтан, мен осы лигаға мүше болып кірген азаматтарға сондай бір аянышпен қараймын», - деп жергілікті телеарналардың біірне ойын ашық білдірген.
Тағы бір айта кетерлігі, «жағымпаздар арасынан Жанарбек Әшімжан ағамызды көру қандай ауыр еді!» деген жазбаға көп адам лайк басып қолдау көрсеткен.
Әрине, мұндай сыңайдағы пікірлер әсер еткен болар, Жанарбек мырза Әшімжан жақтастар Лигасына бару себебін түсіндіріп жазба жариялады. «Біз келісейік, келіспейік, қалай болған күнде де қоғамның оң бағытқа қадам басуын қамтамасыз ететін бірден бір ірі саяси қоғамдық институт осы. Сондықтан, бұл институттың жұмысын одан сайын сапалық деңгейге көтеруде жұртты жұмылдыратын үлкен мүмкіндік деп біліңіздер. Бұл - саяси жүйедегі сәтсіз жобалардың жемісі. Әрине, билік партиясы туралы қоғамдағы пікір әр алуан. Қолдайтындар да, даттайтындар да жетеді. Біреулер «Nur Otan» партиясын аспандатып жатса, келесілер ағаш атқа теріс мінгізіп, ащы сынға алып жатады. Бұл - қоғамдағы нақты көрініс. Алайда, «Nur Otan» - осы сіз бен біздің, бала-шағамыз өмір сүріп отырған қоғамның айнасы. Ақырын күтейік. Және Лигадағы азаматтар әрқайсысы өзі үшін жауап береді ғой. Қолды бір-ақ сілтеу ең оңай шаруа. Қолды сілтеп сіз кетсеңіз, құландай жеріп ол кетсе, бәріміз өртенген үйге барып бас-сирағымызды үйтіп отырсақ... қалай болады? Мәселеге тікелей, іштен араласып, ықпал етейік», - деп аздап ақталған рай танытып пікір білдірген.
Сол секілді, журналист Бибігүл Дәулетбекқызының да осыған ұқсас жазбасын байқадық. Жазбасында өзінің партияға мүлде мүше еместігін, жай ғана жақтасы, саясатын қолдайтынын айтқан. «Бүгін мен үшін тарихи күн болды. Неше күннен бері Әлібидің оқиғасынан кейін мең-зең болып жүргенімді жасырмаймын... Менің үнім - тек жоғарыдағы ағалардың жанында отырғанымда ғана жететінін түсіндім. Осылайша әріптестерімнің жаңа бастамасын ойланбастан қабылдадым. «Nur Otan» жақтастар Лигасына кірген себебім де осы. Мен - партияда емеспін. Бірақ жақтасымын. Ендігі, біссіміллә деп, елімізде қордаланып қалған мәселелерді биліктегілердің жанында жүріп, бірге шешуге бел будым. Мен секілді қарапайым Халықтың мұңын мұңдап жүрген журналист те ертеңгі күні депутат болып қалуы бек мүмкін. Ұзақ атама: «Саясатқа кірмеймін» деп осыдан біраз жыл бұрын уәде берген едім. Кешіріңіз атажан, немере қызыңыз саясатқа араласты», - деп жазған.
Б.Нұратай