Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасына кеше бірнеше мемлекет ресми түрде атап өткен «Әкелер күні» мерекесін қазақ қоғамы үшін де атаулы күн ретінде қабылдағанымыз жөн екендігін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бүгін әлемнің көптеген елдерінде ӘКЕ күні. АҚШ, Мексика, Канада, Ресей, Украина, т.б. мемлекеттер бұл мерекені ресми түрде атап өтеді. Көптеген елдер отбасы институтындағы әкенің маңызын түсіне бастағандай. Біздің елімізде де ӘКЕЛЕРІМІЗГЕ арналған атаулы күн болғаны жөн деп ойлаймын», - деген пікірде әріптесіміз.
Олай деуіне дәстүрлі қазақ қоғамында әке иниститутының орыны ерекше болғандығы себеп екенін, ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен қуат алған қазақ баласы үшін шын мәнінде «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» болып саналатынын атап өтті. Сол қағиданы кейін Кеңес одағы «зорлап таңған» «әйел теңдігі» мәселесі бұзып, отбасылық тәртіп-тәрбиеде әкелердің рөлі жүрмей, қадірі қаша бастағаны – шындық.
«Жиырмасыншы ғасыр басында көтерілген «әйел теңдігі» мәселесі демократия үшін көп игіліктер әкелгенімен, дәстүрлі ұлттық таным мен түсінікке, қазақы тәрбие негізінің бүлінуіне әкеп соқты. Совет идеологиясы әке мен ананы қоса әспеттеудің орнына, әке иниститутын ығыстырып шығарды. Бірақ, қазақтың ұлттық иммунитеті оған сырттай келіскенімен, іштей жол бермеді» деп жазды Берік Уәли.
Осы орайда, ол өз бауырларының да әкелерін ардақтап өскенін, өзі де көп балалы әке екенін еске салып қойды. Айтуынша, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Жақсы әкенің аты жаман балаға қырық жыл азық», «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі, өзіне келер ұятты, өзі біліп тұрса игі» деген мақалдар тегін шықпаса керек.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің». Әкелерімізді ардақтағаннан жаман болмаспыз. Бұл әкенің де ұрпақ пен ел алдындағы жауапкершілігін әрі абыройын арттырады деп ойлаймын», - деген жазба авторы, өзінің коронавируспен ауырып жатқанына қарамастан, барша әкелерге амандық тіледі.