Коронавирус әкімдерге де ауыз сала бастады. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан COVID-19 анықталғаны белгілі болды. Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің хабарлауынша, әкімге вирустың симптомсыз түрі деген диагноз қойылған.
«Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оқшауланды. Себебі, соңғы зертханалық сынама облыс басшысының бойынан COVID-19 белгілерін анықтады. Ауру белгісіз өтуде. Осы уақыт аралығында облыс әкімі оқшауланып, ем қабылдап, жұмысын жалғастырады» деп жазған Жүкел Ғалымұрат өзінің Facebook парақшасында.
Бұл вирусты әкімнің кімнен, нақты қайдан жұқтырғаны белгісіз. Баспасөз хатшысы да тарқатып ештеңе жазбапты.
Бір қызығы, Баталовтың коронавирус жұқтырғаны туралы оқыс жаңалық виртуалды қоғам белсенділері арасында біршама шу, резонанс тудырып отырғанға ұқсайды. Нақты айтар болсақ, жұрттың біразы саяси астар іздеуге көшкен.
Бірі «Обшым темадан қашты десей. Сауығып кетсін! Кейін ауыстырар атауын» десе, екіншісі «Мына ауру сыныққа сылтау болды ғой. Ауданымыздың атын ауыстырса болар еді!» деп жазған. Тағы бір пікір жазушы «Мә, мына кісі де вирус жұқтырыпты, енді Ұйғыр ауданының атауы не болмақ?» деп кәдімгідей уайым білдірген. «Бұл кісі де коронавирус жұқтырды... Өткен аптада Ұйғыр ауданына сабылып, шұғыл жиналыс өткізіп еді. Аудан аты өзгермей қалатын болы ма? Тезірек сауығып кетсін!», «Көтере алмайтыны бар, беліне несіне шоқпар байлады екен?!» деген сыңайдағы да пікірлер айтылған. Қысқасы, жұрттың ойынша, Баталов проблемадан қашып, «ауырып» қалған.
Ол өткен аптада қазақ және ұйғыр жастары арасындағы арты үлкен дауға ұласа жаздаған кезекті жанжалынан кейін облыстағы Ұйғыр ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген болатын.
Әкімнің бұл сапарынан кейін әлеуметтік желі бетінде «Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге уәде берді!» деген сүйінші жаңалық тарап сала берді. Бұл жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары да бірінен соң бірі көшіріп басып, тіптен дуылдатып жіберді.
Осыдан кейін қазақ жерінде елден ерек анклав болып отырған ұйғыр мәселесі мен аудан атауы қайта күн тәртібіне көтерілді. Ұлт зиялылары да үн қосып, Ұйғыр ауданының атауын өзгертуді толықтай қолдайтындарын білдіріп жатты. Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, тарихшы Заңғар Кәрімхан бастаған азаматтар Ұйғыр ауданының бұрынғы атауын қайтарып, оны Қарадала деп өзгертуді ұсынды. «Абыз ақсақалымыз Дінмұхамед Қонаевтың есімін берейік» деген ұсыныстар да көп айтылды. Қоғам белсендісі Серікжан Есенғосұлы «Ұйғыр ауданына бүкіл әлемге танымал Шарын шатқалының атын беріп, «Шарын ауданы» деп атайық деп ойын ортаға салған. Сол секілді қоғам қайраткері, белгілі журналист Ермұрат Бапи да «Ауданның экономикалық перспективасы мен туризм әлеуеті тұрғысында «Шарын ауданы» деп аталғаны оңды болады. Немесе мүмкін жергілікті жұртшылықтың талабын ескеріп, Шонжыны – Шарын қаласы деп, ал ауданды – «Қарадала ауданы» деп атау керек шығар. Қалай болғанда да, америкалық Колорадо штаты мен сол аймақтағы атақты каньонның атауы астасып жатқанын еске алайық», – деп өз ойын ортаға салған-ды.
Бір қызығы, жақында отандық сайттардың бірінде «Баталов аудан атын өзгертемін деп уәде берген жоқ» деген материал басылды. Мақала авторының жазуынша, облысы әкімі Амандық Баталов аудан атын өзгертемін деп нақты ештеңе айтпаған.
Айтуынша, жұрт сабасына түссін деп жергілікті интернет басылымдарының бірінің жаза салған кезекті ойыны ғана. «Бұндай ақпаратты алдымен жергілікті taldykorgan-online.kz интернет басылымы таратыпты. Жетісулық сайт Баталов Ұйғыр ауданы атын өзгертемін деп әуде берді деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Бұл ақпаратты өзге интернет басылымдар көшіріп басып, әлеуметтік желідегі жұрттан сүйінші сұрағандай болды. Біз облыс басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ Шонжыда өткен жиындағы сөзін тыңдап шықтық. «Қандай мәселе көтерілді десем, барлығы негізіген жаңағы төбелес емес, ауданның атын айтады. Бір мәселе, осы жерде. Соның барлығының салдары. Содан шыққан жағдай. Сондықтан осының барлығын анау Астанаға жеткіземін. Айтамын. Міне, ертең айтамын. Сосын, қазір кішкене дұрысталып алсын. Біз де Астанаға бармауға тырысып жатырмыз. Коронавирус көп. Бұрын мен әр жолы Нұр-Сұлтанға барғанда елбасына, президентке, премьер-министрге, министрлерге кіремін. Мәселелерді шешіп жүрмін ғой. Қазір жағдай болғанда мен өзім арнайы жазылып, мемлекет басшысына кіріп, мына жағдайлардың барлығын айтып беремін деп, мен сіздерге уәде, міне, беріп отырмын», – деп атап өтіпті Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Бұндай бұрмаланған ақпаратты тарату кімге керек болды екен? Әлде, бұл 6 шілде қарсаңында жұртты тынышталту үшін жасалып отыр ма…» деп жазған мақала авторы Берік Жанатханұлы.
Расында да дәл осындай жауапты сәтте облыс әкімінің ауырып қалғаны бір түрлі емес пе?
Б. Нұратай