Шетелде тұрып жатқан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин осыдан бір-екі күн бұрын тікелей байланысқа шығып, «Политон» бағдарламасына кезекті сұхбатын берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Қазақтаймс сайтына сілтеме жасап.
Әңгіме барысында ол әдеттегідей Қазақстандағы саяси жағдайларға тоқталып, коронавирус пандемиясына байланысты өз пікірін білдіріпті.
Бір қызығы, соңғы уақыттарда Әкежан Мағжанұлының бұрынғыдай емес емес сөздері аздап жұмсарғаны байқалып жүр. Бұрынғыдай шағып сөйлейтін Қажыгелдин жоқ. Әсіресе, сөз ауаны Тоқаевқа ауған тұста «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығатын болған.
Бұл жолы да Мемлекет басшысының жұмысына көңілі толмайтынын атап өткенімен оның сондай бңр ауыр кезеңге тап келгенін айтқан. Айтуынша, Тоқаевқа бұған дейінгі билік үлкен дағдарыс қалдырып барады. «Оны Назарбаев Өзбекстан президенті Каримов сияқты өзі шешіп кетуі керек еді. Бұл мені мен сіздің арамыздағы қарым-қатынас емес. Бұл халық пен үкіметтің арасындағы әңгіме», - дейді ол.
Дегенмен, Тоқаевтың әлі де мүмкіндігі бар. Мінезін, қаруын көрсететін болса, бәрі жақсы болады. Тек ол үшін халық қоғам бірігіп, талап ету керк. Сонда ғана Тоқаев сөзсіз бірдеңе жасауға мәжбүр болмақ. Жасамаса басқа адамды сайлау керек. Парламенттік басқару жүйесіне көшкенде ғана халықтың әрбір сұрағы, мүддесі, талабы билікке жететін болады. Бірақ ол үшін Конституцияны өзгерту қажет.
Дағдарысты еңсеруге деп Үкімет тарапынан бөлінген қаржы туралы да аз-кем пікір білдірген. Қажыгелдиннің ойынша, бұл қаржы да мақсатсыз жұмсалып жатыр. «Дағдарысқа бөлінген қаржы көлемі 6 триллион, біреу айтады, 13 триллион дейді. Халық арасында әңгіме көп. Тоқаев мырза өзі шығып, біздің бөлгеніміз 6 триллион немесе 13 триллион деп ашық айтуы тиіс. Екіншіден, ол ақша тікелей елге таратылу қажет. Көп балалы аналар, жұмыссыз қалған азаматтар, соларға жұмсау керек. Олар оны күнделікті тамағына, дәрі-дәрмегіне т.б жұмсайды. Яғни ол қаржы ұзамай үкіметтік қазынасына қайтадан қайтады. Қазір олар қай экономиканы қолдап жатыр? «Қазақмыс» па, «Қаз цинкке» пе? Үкіметке оларға дәл бүгін көмек жасаудың керегі жоқ. Тоқаев мырза жылдың басында «шетелде жатқан қаржылар елге қайтарылуы керек» деп бұйырық берді. Сол бұйырықты енді ол кісі қолға алып, орындатуы керек», - дейді Әкежен Қажыгелдин.
Қажыгелдин мырзаның айтуынша, соңғы 25 жылдың ішінде мемлекеттен өте көп мөлшерде қаржы ұрланған. «Біреулер айтады ол 175 миллиард дейді, енді біреулер 200 миллиард дейді. Жақында ғана сенат мүшесі «оның барлығын қайтару керек. Үкімет соны қолға алсын» деп сөз сөйледі. Бұл бостан босқа туған әңгіме емес. Ол қоғамда, елдің арасында бұрыннан бар әңгіме. Оны көп жылдан бері оппозиция айтып, көтеріп жүр. Бұны қайтару керек. Мен сізге мысал ретінде бір жағдайды айтып берейін. Бізде Рахат Әлиев деген азамат болды. Жоғары қызметте болды, бірінші отбасының мүшесі болды. Ол заңды да, қолындағы билікті де өзінің пайданысына қолданды. Ол кісі қазір жоқ. Бес жыл бұрын марқұм болып кетті. Бірақ оның артында қалған капиталы өте көп. Ол капитал кімге қалды? Тоқалы Шоразоваға қалды, Дариға Назарбаеваға қалды, Нұрәли Әлиевке қалды. Біреуі екіге, екіншісі үш жасқа келгенде Рахат Әлиев оларға Кипрден шот ашады да, әр қайсысына 10 миллион еуродан ақша салып қояды. Көп балалы аналар Астанаға барып көмек сұрайды. Ал мына жерде екі-үш жастағы балалардың әрбіреуінде 10 миллион еуродан бар. Бұл бір жерде ғана. Біз шетте жүрген қазақтар бұны жайдан жай қалдырмаймыз. Халықаралық журналистер ұйымының баяндамасына қарасаңыз, Дариға Назарбаеваға тікелей бағынатын 40-қа жуық компания бар екен. Біз Шоразованы, Дариға Назарбаеваны, Нұрәли Әлиевті Рахат Әлиевтің отбасы ретінде магнитский заңына сәйкес тізімге қоспақшымыз. Сонда олардың тығылып жатқан мүліктері, шоттарды бұғатталады», - деп атап өткен.
Сөз арасында Қажыгелдин мырза ел ішіндегі эпидемиялық ахуалға да алаңдаушылық білдірген. Айтуынша, елге вирус емес еғ алдымен ақпараттың аздығы қиын тиіп отыр. Осының салдарынан рас-өтірігі аралас әңгіме көбейген. «Пандемия деген жалғыз ғана мемлекеттің бас ауруы емес, бүкіл әлемдік мәселе. Бірақ, бүгінгі Қазақстандағы билікке жетіспейтін нәрсе ол шындық. Ең бірінші, халықтан ешнәрсе жасырмай, шындықты айту керек. Екіншіден, шындықты айтатын кезде қолдан келетін дүниелерді ашық ұстау қажет. Шындық болмағандықтан халықтың арасында «ол өтірік екен», «ауру жоқ екен» деген әңгіме болады. Сондықтан індет асқынып бара жатыр. Екінші мәселе, қазір жаңадан ауруханалар салып жатыр. Оның барлығы керексіз. Әрбір қалада спорт кешендері бар. Соларды уақытша аурухана ретінде пайдалану қажет. Шетелдерден бізге жетпейтін құрал-жабдықтарды сатып алып, бірінші кезекте дәрігерлерді қорғау керек. Ертең олар ауырып қалса ауырып жатқан халыққа көмекті кім көрсетеді? Соның барлығын қарағанда, үкімет үндемей жатыр. Президенттің өзі де жоғалып кетті. Халық өзімен өзі, үкімет өзімен өзі. Халықты тастап кеткен сияқты», - деп әңгімесін аяқтаған.