04.07.2020, 07:40

«Біреудің батасын аламын деп, мыңның қарғысына ұшырамаңыздар!» - желідегі жанайқай

«Ал енді бұл ақша тек осы бағытқа жұмсалу керек деп қоймай тұрсаңыздар, НҰР-СҰЛТАНды әдемілеуді «қатты» ойласаңыздар, аэропорттан вокзалға дейін қаланың сәнін де, түрін де кетіріп тұрған «қазақстандық корупцияның ескерткішіне» айналған LRT-ны аяқтаңыздар! Я болмаса, осы бюджетпен мүлдем алып тастаңыздар!».

Алпа Шарим атты желі қолданушы facebook парақшасында қатаңдатылған карантин режиміне тап келіп отырған елорда күніне оңды-солды ақша шашып, жедел жәрдемнің өзін ақылы етіп қойған билікті қатты сынға алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Карантинде отырған (өзі онсыз да әдемі) қаланы әдемілеудің қандай қажеттілігі бар?! Осы қаржыны медициналық тапшылыққа жұмсаса болмай ма?!. Биылға астанамыз сәнделмесе, ешкім сіздерге уәждерін айтпайды. Осы қаржыны ақылы жасап жатқан жедел көмек көрсету көліктеріне жұмсасаңыздар болмай ма? Игерілу керек бюджет деп, бас-көзге қарамай иемдене де бермеу керек шығар?! Президентіміздің өзі «той тойлатын емес, ой ойлайтын уақыт» деген жоқ па?» - деп бір қайырды ол сөз басын.

Бұлай дейтін себебі, биыл қаланы «туған күнінде» жасандыру үшін мемлекеттік бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, кеше Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният жақын арада Қазақстанда ақылы жедел жәрдем бригадалары пайда болатынын мәлімдеген еді. Азаматтарға коронавирусқа талдау алу үшін баратын олардың тарифі 5 400 теңге болмақ.

«Ал Елбасына қойылған ескерткіш, тіпті, бөлек әңгіме! Болады ғой, бір сүйікті, қатты жақсы көретін музыкаңызды тыңдай берсеңіз, жалығасыз. Бұл да сондай! Менің ойымша, Тұңғыш Президентіміздің қасындағы саясатты жүргізіп отырғандар мүлдем дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ.

Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін, ел үшін істеген әр ісін жеке өзім құрметтеймін. Ал қасындағы «имиджмейкерлері» күннен-күнге xалыққа бұл кісіні жауыз етіп көрсетудің бар амалын жасауда. Кәсібінен айырылып жатқан кәсіпкерлер мен xалықтың қиын кезеңінде көк тастан ескерткіш орнатуларыңыз – xалыққа ол кісіні жеккөрінішті етіп көрсетуде!

Тағы да айтамын, артық қылам деп тыртық қылып алмаңыздаршы! Халық риза болса, өз қолымен де сол ескерткішті соғып берер еді!..

Ал енді бұл ақша тек осы бағытқа жұмсалу керек деп қоймай тұрсаңыздар, НҰР-СҰЛТАНды әдемілеуді «қатты» ойласаңыздар, аэропорттан вокзалға дейін қаланың сәнін де, түрін де кетіріп тұрған «қазақстандық корупцияның ескерткішіне» айналған LRT-ны аяқтаңыздар! Я болмаса, осы бюджетпен мүлдем алып тастаңыздар!

Абай жылы деп жарияладық қой. Ұлы ойшылымыз «бес нәрседен қашық бол» дегенде, «мал шашпақ» деп айтқаны – дәл осы! Біреудің батасын аламын деп мыңның қарғысына ұшырамаңыздар!!! Халықтың шынайы қайғысымен айналысыңыздар!

Осы індетті жеңіп, экономикамызды қалыпқа келтірсеңіздер, бас-бастарына ескерткіш қойып, үйлеріңді көркемдеп алсаңыздар да, РЕНЖІМЕЙМІЗ! Әр нәрсенің өз уақыты бар, АҒАЛАР!!!» - деп қынжылыс білдірді жазба авторы.