$ 443.85  474.3  4.8

Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатыспады

Туды көтеруге мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қалмұхамбет Қасымов бұйрық берген.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Бүгін Астана күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде бастау алды. Әдеттегідей «Атамекен» этномемориалды кешен аймағындағы еліміздегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Бірақ қала күнін тойлаудың ресми түрде басталғанын білдіретін бұл салтанатты шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Sputnik Қазақстан порталының жазуынша, Туды көтеруге мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қалмұхамбет Қасымов бұйрық берген. Осыдан кейін Әнұран ойналған. Ресми сөз сөйлеу де болған жоқ. Курсанттарға офицерлік шендер де тапсырылмаған.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, биыл карантинді күшейтуге байланысты қала күніне арналған шаралардың көбісі өтпейтін болды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та дәстүрлі шараға келмеді. Сондықтан бүгін мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ғана өтті. Оған мемлекеттік күзет қызметі жауапты болды», - дейді әкімдік қызметкерлері.

Ұйымдастырушылар президенттің келмейтінін бір күн бұрын білген. «Біз кеше ғана президенттің келмейтінін естідік. Бірақ осы шараға техникалық жағынан жауапты болғаннан кейін аяғына дейін атқаруымыз қажет. Енді, қала бойынша мерекелік шаралардың көбісін өткізбейтін болды ғой. Адам көп жиналмасын деп, осы шараны да өзгерткен шығар», - дейді мамандар.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстандағы ең үлкен мемлекеттік Тудың көтерілуімен қала күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде басталатын. Осы шараға президент қатысып, курсанттарға офицерлік шендер тапсыру дәстүрге айналған болатын.

Биыл мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап қосымша карантиндік шаралар енгізіледі. Осыған байланысты астана күніне арналған мерекелік шараларды онлайн режимде өткізуге шешім қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары