Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейінгі мәлімдемелері үрей құшағында отырған жұрттың көңілін сәл болса да көтеріп тастағандай болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әсіресе оның «қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды» деген сөзі үлкен өзгеріс күтіп отырған қоғамға біраз үміт сыйлап кетті деуге болады.
Бірақ Тоқаевтың бұл сөзін кезекті құр уәделердің бірі деушілер де табылып жатыр. Белгілі саясаткер, Ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбек Тоқаевқа тек бақылап қана жүретін үкіметті тарата салуына қосымша уақыттың не үшін керектігіне таңданыс білдірген.
Заңгер елдегі қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Тоқаев арнайы Жарлық шығарып, Үкіметті толықтай доғарысқа жібереді деп үміттенген.
«Тек бақылап жүретін үкімет кімге керек? «Арыс жарылғанда, бәрін қатырамыз»- деді. Қатқан Арыстықтар жоқ, әлі үйі бітпей аңырап жүрген халық! Мақтарал су астында қалғанда, «бәрін бітіреміз» деді. Мақтаралды да маңдытпады, маңырап жүрген халық! «Вирус келе жатыр, дайындалайық», - деп пәленбай миллиардттарға аппарат алудың орнына, ауруханалар салды. Дәрі дәрмек пен ауа беретін аппарат жоқ халық қойша қырылып жатыр. Осының бәрін үкімет реттеуі керек еді! Ешқандай істі оңдырмады, келіп кетіп лента қиып жүргеніне мәз болды! Соңында От шашып халықтың ашуына тиді! Осындай үкіметке тағы екі апта уақыт берді! Енді осы дұрыс па?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.