$ 494.87  520.65  4.91

Президент: Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын

Мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер жасалып жатыр. Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен.
фото: tengrinews.kz
фото: tengrinews.kz

Коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізген әкімдерді сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. 

«Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді», – деп мәлімдеді Президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен.

Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалған. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.

«Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер жасалып жатыр.

«Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.

Президент пандемия кезіндегі кез-келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтқан.

Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары