Әлеуметтік желіде European Kazakh Forum бірлестінің төрағасы Өмірхан Алтынның Еуропада тұратын қазақтар жинап берген дәрілердің Қазақстанға әлі жіберілмегенін айтып шағымданған бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбада ол Еуропада тұратын қазақ диаспорасы Қазақстандағы коронавирус індетімен күреске қол ұшын созып, көмек беру мақсатында қаржы жинап, оған аса қажетті делінген дәрі-дәрмек пен медициналық заттар сатып алынғанын айтады. Осылайша, 2020 жылдың 19 шілдесі күні бірнеше қорап дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды Германиядағы Қазақстанның Бас консулдығына апарып табыстаған. Алайда, арада 2 аптаға жуық уақыт өтсе де, «алыстағы ағайынға» деп аманаттап кеткен қораптардың консулдық ғимаратында әлі тұрғанын көріп таң қалған.
Бұған ашуланған Өмірхан Алтын «Бізге жау сырттан келмейді, біздің жауымыз өзіміздің қансыз қазақтар екен! Елшілікке, консулдық пен министрлікке жұмыс істей алатын адамдарды әкеліңіз!», - деп ашынып, үндеу жасауға мәжбүр болған.
Оның айтуынша бұл келеңсіздікке әуелі Сыртқы істер министрлігі, Елшілік пен Денсаулық министрлігі де кінәлі көрінеді. Сол секілді, елші де, консул да дәл қазір демалыста жүргенге ұқсайды.
Бұл мәселеге қатысты бүгін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі арнайы түсінік берді.
«Қазіргі таңда Германия мен Қазақстан арасында тікелей тұрақты әуе қатынасы болмағандықтан барлық гуманитарлық көмек «репатриациялық» чартерлік рейстермен Майндағы Франкфурт қаласынан жеткізіледі. Осыған байланысты біздің қазақ диаспоралары мен отандастарымыз тарапынан Германияның түрлі қалаларында, оның ішінде Мюнхенде орналасқан Қазақстанның дипломатиялық миссияларына ұсынылған барлық гуманитарлық жүк Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан Бас консулдығында жиналып, кейін бір үлкен партиямен елге жіберіледі», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сыртқы істер министрлігі құрамында дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар бар жүктердің тиіс сертификациялық құжаттары болуы керегін атап өтті. Бұл Германия мен Қазақстанның кедендік қызметтерінің талабы.
«Қазіргі уақытта ҚР Франкфурттағы Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев қазақ диаспорасының өкілдері – European Kazakh Forum бірлестігі мүшелерімен байланыста. Олар бірлестіп жинаған гуманитарлық көмекті әрі қарай Қазақстанға жолдау үшін тікелей Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан Бас консулдығына жеткізу бойынша өзара уағдаластыққа қол жеткізді. Тамыз айының ортасында гуманитарлық көмектің келесі партиясын жолдау жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.