Вируспен емес, әуелі жемқорлықпен күресуіміз керек! Осылай деген Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев әкімдер мен министрлердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Евразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Халықтың қамын ысырып, тек қалтасын қампайтуды ғана ойлайтындар орнын босатпай, дерттің алдын алуымыз екіталай" дейді ол. Бірақ бір апталық жұмысын жіпке тізіп, Асқар Маминге есеп берген Алексей Цойдың статистикасы көңілге үміт ұялатады. Дегенмен, министр "вирустың таралуы бәсеңдемей жатқан бірқатар өңірде карантин шаралары қайта күшейтілуі мүмкін" деді.
Осы орайда, халық қалаулысы Нұржан Әлтаев айтары басқа. Ол дайындық өз алдына, бірақ "жауапты ведомстволарда әуелі жемқорлық тыйылмай, елдегі вирустың таралуы бәсеңдемейді" деп отыр. Мәжіліспен вируспен күреске деп бөлінген миллиардтардың дұрыс жаратылмай жатқанына қапалы.
"Ең біріншіден, бұл жерде мынау коронавирус емес, ең басты проблемалардың салдары ол – жемқорлық! Жемқорлықтың кең таралғаны. Сол жемқорлықты жеңбей, осы біздің мемлекеттік басқару жүйелерін өзгертпей, ешқандай нәтиже болмайды деп санаймын", - деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.