Ардагер дәрігер әрі қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы елдегі қордаланған мәселелерді көтеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісінің айтынша, қазіргі басқару жүйесін түбегейлі өзгертпей, жағдай оңалмайды.
«Қазақстандық ел басқару жүйесі де қазақты отарлықтан құтқарып, азаттыққа жеткізбеді. Ежелгі қазақ жерінің асты мен үстіндегі барлық қазына байлығы талауға түсті. Әлеуметтік, экономикалық, саяси реформаның кешенді жүргізілмеуі, тағы да қазақ халқының ұлт болып қалу, қалмау мәселесіне айналды. Мемлекетті, қоғамды деградацияға әкелетін себептерді ғылым былай классификациялайды:
1. Қоршаған ортаның ластануы; 2. Қауіпті аурулардың (спид, оба, нашақорлық, КОВИД-19 т.б) өсуі; 3. Демографиялық жедел өзгерістер (иммигранттар есебінен); 4. Ұлттық мәдениеттің уағыздалуының әлсіреуі; 5. Жемқорлықтың асқынуы; 6. Жұмыссыздық; 7. Билікте сауаты төмен білімсіздердің көбейуі. 8. Жеке басқа табыну, деспотизм; 9. Заңның орындалмауы, құқықтық шектелу; 10. Әлеуметтік теңсіздік;
Осының барлығы бүгінгі Қазақстанды дендеген белгілер, медицина тілімен айтқанда аурудың симптомдары.
Елде:
- Билеуші тап азғана уақыт ішінде қисапсыз байлыққа ие болды;
- Елде бар мүмкіндігі шектелген, күнкөріс жағдайы қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;
- Қазақ ауылы қирап, тозып бітті, үлкен шаһарлар төңірегін қайыршылық пен шарасыздық жайлаған;
- Әлуметтік бейбіт наразылық атаулы аяусыз жанышталып, оппозиция қуғынмен, қудалаумен тарап бітті;
- Баспасөз еркіндігі, жиын, ереуіл құқығы шектелген;
- Әділетті сайлау атаулының елесі де жоқ, демократиялық құндылықтар құрғақ сөзбен алмасты;
- Нарық бағасы еселеп өсіп, халықтың тұрмысы түзелер емес.
- Елді рухани азу, нашақорлық, жезөкшелік жайлады.
- Жастар үмітсіз торығу дертіне шалдықты, өзіне-өзі қол жұмсауы – әлемде жоқ деңгейде өріс алып отыр;
- Елде күштік құрылымдар тапапынан қоғам белсенділерінің үстерінен әкімшілік, қылмыстық іс көтерілуі жиіледі.
- Қарапайым халық шектен тыс қорғансыз күйге түсті;
- Елде – тежеусіз диктатура орнықты», - деп жазған ол үндеу-хатында.
Сондай-ақ ол халық емес президентке ғана бағынатын жүйеден құтылатын уақыт жетті деп есептейді.
«Ел басқарудың қазіргі қазақстандық моделі қарапайым халықты алдауға немесе басып жаншуға, қорқытып-үркітуге құрылған. Мәселен, халыққа емес президентке ғана тәуелді қазіргі «әкімшілік ел басқару жүйесі» аймақтарда қарапайым халықты үрейде (диктат) ұстап отыр. Барлық жерде әлеуметтік мәселелер әкімдердің көңіл-күй әуеніне қарай шешіледі, бір ғана «әкімдікі жөн» деген қағида қалыптасқан.
Барлық деңгейдегі сот, прокуратура, құқық қорғау, заң мекемелері әділет атаулыны аяққа басып, тек жоғарыдан түскен нұсқау, немесе жеке бас пайдасы тұрғысынан ғана жұмыс жасайтын болды. Мемлекеттігіміздің негізіне қауіп әкелетін елдегі экономикалық коррупциямен күреседі, оның алдын алады деген ҰҚК-ті көп жағдайда өз қызметінен ауытқып, керісінше жемқорлықты бүркемелеп, саяси қайраткерлерге, демократиялық ағымдардың жетекшілеріне қарсы саяси террор, қастандық ұйымдастырумен жүр.
Анық қырсығына іліксең болды, олар үшін ердің құны түк емес, түрмеге қамайды да тастайды. Өркениетті елдің ақиқаты шынай айтыста туатынын сезінбеген билік, қоғами қалыпты сынды жабайы дауға айналдырып, одан қылмыстық астар іздейтін жазалаушы мемлекетке айналды. осының бәріне қашан тиым болады?», - деп жазған ол.
Осылай деп атап өткен ол халықтық парламенттік басқару құрылымы керек екенін айтады.
«Заңы өз күшіне енбеген және «біреулердің», «бір органның», «бір адамның» уысында тұрған мемлекет түбінде өзін құртады. Біздегі әлеуметтік, экономикалык, саяси «кризис» тамырын тереңге жіберген жемқорлықтан, ел басқарудағы ішкі дағдарыстан туындап жатыр.
Президент мырза, көріп отырсыз, Қазақстанда мемлекеттік эгоизм асқынып, қоғамдық мүддеден алшақтап барады. Жемқорлыққа малтыққан ҮКІМЕТ терең батпақта. Өзіңіз айтқан екі апта да өтті, Үкіметті таратпадыңыз. Біз мемлекеттігімізге төнген аса қауіпті жолайрыққа келдік.
Халықтық парламенттік басқару құрылымы керек. Мемлекеттігімізге нәубет болып үйіріле бастаған айтылған әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайлардан алып шығатын, азаттыққа апаратын шынайы әлеуметтік реформа керек!!! Бұл уақыт сұранысы. Жауабыңызды күтеміз...», - деп Тоқаевқа өзінің датын жеткізген