$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақ үкіметі Қытайдан қорқып, Тайваньнан келген гуманитарлық көмекті қабылдай алмай отыр» - Ермұрат Бапи

Биліктің бұл тірлігін сорақылық дейміз бе, әлде қорқақтық дейміз бе?!
фото: tengrinews.kz
фото: tengrinews.kz

Белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Ермұрат Бапи Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Тайваньнан келген гуманитарлық көмекті қабылдамай жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Бапидың айтуынша, бұл көмекті Қазақстанға жөнелтілуіне экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мұрындық болған. Ал Қазақстан үкіметі бұл көмекті қытайдан қорқып қабылдай алмай отыр.

«Қазақ билігі қытайға қарсы қыңқ етуге тышадай қорқады. Оған дәлел ретінде өз басым куә болған нақты жағдайды айтайын. Елге індеген Ковид індетіне қарсы жәрдем жасаған шетелдік мемлекеттер Қазақстанға гуманитарлық көмектер жөнелтіп жатқаны мәлім. Сондай бір көмек – бір контейнер «ПТР-тест» пен бір миллионнан астам бетперде Тайвань елінен де келді. Оны Қазақстанға жөнелтуге экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мұрындық болып, екі араға мен және атын әзірге атауға болмайтын тағы бір беделді қазақ делдал болдық.

Міне, шілденің 24-інде Алматыға жеткен сол контейнер күні бүгінге дейін кеденде жатыр. Оның жүк-тауар құжатында (фотокөшірмені қараңыз): «Республика Казахстан, г. Нур-Султан, пр. Мәңгілік ел, 8 /подъезд 5/, министру здравоохранения РК Цой А.В.» деп көрсетіліп, гумкөмектің Алматыға жеткені жөніндегі хабарлама министрліктің mizdrav@dsm.gov.kz поштасына жөнелтілді.

Енді мынау сорақылықты қараңыз: Тайваньнан гуманитарлық көмек келгені жөніндегі хабар ҚР Сыртқы істер министрлігіне де жетті. Бірақ осы хабарға СІМ-нің қайтарған жауабы мынадай болды (жолма-жол):

«Позиция руководства МИД: нет необходимости получать гумпомощь от Тайваня. Это может привести к резкой реакции со стороны Пекина».

Осыдан асқан қандай масқара жағдай болуы мүмкін?!», - деп жазады журналист өзінің фейсбук парақшасында. 

Автордың жазынша, бұл нағыз сорақылық. 

«Бүкіл Қазақстан халқы Ковидке қарсы дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық тапшылығынан ит пен қойдың майын ілдебайлап, пластик құтыға құйылған арақпен науқастарға ингаляциялық дем салып, қырылып қалмаудың амалын жанталаса жасап жатқанда, біздің билік Пекиннің реакциясынан қорқып отыр! Алладан ғана рахым күтіп, дұғаны демеу қылған халықты сайтанның болсын көмегімен құтқару қажет емес пе еді?! Биліктің бұл сақтығын сорақылық дейміз бе, әлде қорқақтық дейміз бе?!

Айтпақшы, сол контейнер Алматы кеденінде әлі күнге дейін қабылдаушысын күтіп жатыр. Бізге хабарласқан «СК-Формация» компаниясының маманы зар илеп, қабылдаушы тарапты шарқ ұрып іздестіруде. «Айналма жолмен алып кетудің амалы жоқ па?» деп жылайды жанұшырған кеденші келіншек. «Халық қырылып жатыр ғой, ағайлар-ау!» – дейді ол егіліп.

Ал қытайдан қорыққан Астанадағы «ағайлардың» мыңқ етер түрі жоқ... Айтпақшы, санитарлық талап бойынша, ондағы дәрмек қатаң түрде 20 градус температурада сақталуы керек екен...»,- дейді Бапи мырза.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары