Беларусь елінде президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысы жарияланып, қазіргі басшы Александр Лукашенконың жеңіске жеткені хабарланды. Алдын-ала қорытынды бойынша, ол сайлаушылардың 80,23 пайыз дауысын жинаған. Лукашенконың незігі бәсекелесі саналып келген Светлана Тихановскаяға 9,9 пайыз дауыс бергені мәлім болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оппозиция белсенділері де өздері жүргізген экзит-полдың қорытындысын жариялады. Ондағы көрсеткіш орталық сайлау комиссиясының мәліметіне мүлдем кереғар. Оған сәйкес, Тихановская 70 пайыз дауыс алса, керісінше Лукашенконың 10 пайыз ғана дауыс алғаны айтылады.
Оған дәлел ретінде белсенділер Телеграм, Twitter-де дауыс беру хаттамасының көшірмесін жариялап жатыр. Азаттық радиосының жазуынша, Тихановскаяның штабы Минскідегі кемінде 20-дан астам сайлау учаскесінде оппозиция кандидатының жеңгенін хабарлаған. Сол секілді шетелдегі сайлау учаскелерінде де Тихановская басымдықпен жеңген.
Осы деректерге сүйенген Светлана Тихановскаяның штабы ОСК шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Мұның арты халықтың жаппай көшеге шығуына алып келді. Олар дауысты әділ санауды талап етіп, дауыс беру қорытындысын мойындамайтындықтарын білдірді.
Көшеге шыққан мыңдаған демонстрантты полиция жасағы күш қолданып әрең таратқан. Полиция жасағы наразыларды тарату үшін резеңке таяқпен ұрып, жас ағызатын газ бен су шашып, қатты дыбыс шығаратын жарқылдақ граната қолданған.
Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, Минскіде шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Кейбір бей-ресми дерек көздерінің мәліметінше, 100-200 мың аралығында адам шыққан.
Қатты жарақат алғандар да бар. Бір адам қаза тапқан. Сол секілді, тағы бір адамды автозак соғып кеткені айтылады. Жүзден астам адам қамауға алынған.
Қазіргі уақытта елде жағдай аздап тұрақтала бастаған. Шерушілер де алған бетінен қайтып, біртіндеп үйлеріне тарай бастағаны айтылады.
Дегенмен, кейбір дерек көздері жағдайдың әлі ушығып тұрғанын, президент Лукашенконың ел аумағынан шығып кеткенін жазып жатыр. Олардың жазуынша, Беларусь президентінің ұшағы Минскіден ұшып шығып, бірнеше сағаттан кейін Түркия жеріне қонған. Осы дерекке сүйенген NEXTA Telegram-каналы Лукашенконың отбасы мүшелері де ел аумағынан кетіп қалған болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Лукашенконы президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады
Айтпақшы, қазнетте де көрші елдегі саяси жағдай қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылардың көбі Беларусь елінің енді бұрынғыдай болмайтынын, бұл майданның түбі төңкеріске алып келетінін жазып жатыр. Тағы біразы дәл сондай жағдай туындаса, Беларусь президенті Лукашенконың қайда баруы мүмкін деген мәселеге алаңдаушылық білдірген. Ол елден қашса, Қазақстанға келуі мүмкін деген пікірлер де бар. Мәселен, белгілі журналист Өмір Шыныбекұлының жазуынша, оның алдында Қазақстаннан басқа вариант жоқ екенін айтқан.
«Лукашенконың күні бітті...
Шеруге шығып үйренген халық енді бетінен қайтпайды..
Диктатор бүгін қашпаса, келесі аптада қашады...
Келесі аптада болмаса, келесі айда..
Лукашенко қайда қашады деген сұрақ жоқ.
Лукашенконы кім қабылдайды деген сұрақ бар..
Еуразэс бойынша одақтастарынан үміт бар..
Бірақ...
Ресейге өзі де бармайды...
Кезінде орыстарға біраз жұдырығын түйген...
Ресей деген елдің жерінің көп жері Алтын орданың мұрагері Қазақстанға тиесілі деген..
Қырғыздар Батьканың Бакиевті паналатқанын кешірмейді...
Армения Нахичеваньда тұрған түрік дрондарына жалтақтап өз бастарымен әлек...
Тәжікстанға артық бас ауру керек емес, кәпірді паналаттың деп өз уахабтары Рахмонның миын ашытады...
Қалатыны Қазақстан..
Басқа вариант жоқ..
Атасына қоқи деп, астананың іргесіндегі Талапкер ауылынан бір коттедж беру керек.
Ауылдың көшелерін Лукашенко өзі жөндеп алады...
Тыққан-пыққандары бар ғой», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.