$ 498.34  519.72  4.85

«Қазақстан» десе шетелдіктердің көзіне тек қана жемқорлар елестейтін халге жеттік» - қоғам белсендісі

Еліміздегі дәл қазіргі жағдай демократиялық құндылықтардан алыстап, авторитаризм және кландық жүйемен келе жатыр. Осының салдарынан былайғы жұрттың көз алдына Қазақстанға тән модель десе жемқорлық, рушылдық секілді ұғымдар елестейтін қалге жеткен.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Билік өкілдерінің ауызынан екі сөз шықса, соның бірі  - қазақстандық модель болатыны даусыз. Олардың пайымынша, еліміз өзіндік моделі қалыптасқан, әлемге үлгі болып отырған мемлекет. Алайда кейбір азаматтар қазақстандық модель деген ұғымның басқа формаға ауысып үлгергенін айтады. Ардагер дәрігер әрі қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлының айтуынша, еліміздегі дәл қазіргі жағдай демократиялық құндылықтардан алыстап, авторитаризм мен кландық жүйемен келе жатыр. Осының салдарынан былайғы жұрттың көз алдына Қазақстанға тән модель десе жемқорлық, рушылдық секілді ұғымдар елестейтін қалге жеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қоғам белсендісінің жазуынша, бұрындары тек тұрмыстық деңгейде болып келген рушылдық дерті биліктің ең жоғары сатысына дейін жеткен.

«Отыз жыл болды, елде шынайы саяси реформалар әлі жасалған жоқ. Билік: «Өзге елді көлденең тартпа, үлгі етпе, бізде Қазақстандық саяси реформаның өз моделі, дәстүрлі менталитетке сүйенген өзіндік демократиялық қалыптасу жолы бар» - деумен келеді және бұқараны да соған сендіргісі келеді. Шын мәнінде біздегі барлық басқару деңгейін авторитаризм мен шығыс деспотиясының белгілері бар туыстық отбасылық жайлаған. Тұрмыстық деңгейдегі рушылдық билікке де жетті. Қай деңгейді алмаңыз билік айналасына кадрды іскерлігіне қарай емес, әлеуметтік, тектік, рулық (трайбализм) негізде жинайды және ең сорақылығы билік тетіктері сатылады. Бұл да қазіргі Қазақстандық саяси жүйенің өзіндік моделі», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында. 

Сонымен қатар, ол шетелге жылыстап жатқан қаржы мен офшорлық есепшоттардың да Қазақстан ұғымымен біте қайнасып үлгергенін айтады. 

«30 жылда жеткен жетістігіміз де, жеткен биігіміз де сыртқы қарызымыздың еселеп өсуі болды. 30 жылда экономикамызға келген кірісті - шетелге берер шығынымыз (қарызымыз) он орайды. Tax Justice Network халықаралық ұйымы таратқан мәлімет бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстаннан офшорлық аймақтарға шамамен 140 млрд доллар аударылған.

Ал, бейресми деректер офшорда 200 млрд доллардан астам ақша жатыр дейді. Тіпті қаражатты заңсыз алып шыққаны дәлелденсе де, оны шетелден кері қайтаратын талаптар қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Бір қызығы ақшаның шетел асқаны анықталса да Қазақстанның заңы бойынша бұл құқық бұзу деп табылмайды екен», - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.

Жер саудасы да үлкен мәселеге айналған. 

«Билік офшорға асқан миллиардтардың орнын жабу үшін мүлік саудасын ойлап тапты. «Тығырықтан шығудың бірден - бір жолы» деп, қазақтың жер асты, жер үсті бар байлығын өзгеге үлестіріп жатыр, үлестіріп жатыр. Әзірге бұған тоқтау болмай тұр. Бұлай жалғаса берсе бір кезде жерді де кепілге салуы әбден мүмкін. Қазіргі басылмай тұрған жер дауы да осыдан туындап жатыр. Бұл да қазіргі біздің өз моделіміз...

Жасыратыны жоқ шетеліктер бүгінде Қазақстанның банк секторларына көз тіге бастады, әсіресе Қытай жағы. Бұл турады БАҚ әлденеше рет жазды да. Банктерді иеленсе онда кепілдікте жатқан түрлі нысандар мен шаруа қожалықтарының миллиондаған га жерлері де шетелдіктердің меншігіне өтеді. Мәселен, соңғы кездегі Қытайдың қазақ банктерінің акцияларын сатып алуға ұмтылудағы жымысқы мақсаты онда кепілдікте жатқан қазақ жерлеріне, сондай банкортқа түскен жергілікті өнеркәсіп, өндіріс орындарына қол жеткізу екенін де түсінетін, сезінетін уақыт келді. Іске асса бұл да біздің таяу болашақтағы тығырықтан шығудың өзіндік моделіміз болғалы тұр...

Экономиканың басты көздері кімнің қолында болса абсолютті билік те соның қолына көшетіні ақиқат - аксиома. Бүгінгі Қазақстан шын мәнінде өзгеге кіріптар, тәуелді елге айналды. Бұлай кете берсек, кіріптарлық соңы елде жаңа ішкі әлеуметтік қайшылықтарды онан сайын тереңдетіп, онысыз да ушығып тұрған жемқорлықтың өрши түсуіне, зорлық-зомбылыққа құрылған саяси режимнің ұзағынан салтанат құруына әкеледі. Сонда, бұл да біздің өзіндік моделіміз болып қала бермек пе?», - деп өз алаңдаушылығын білдірген. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары