Қазақстандық кәсіпкерлер пайдасы жоқ палатаға бір тиын да бермейміз деп отыр. Тіпті, оның әрекетін заңдастырылған рэкетке теңеді. Онсыз да салық төлеуден әбден қиналып, өлместің күнін кешіп жүрміз деген бизнесмендер бұл бассыздықты тоқтату керек дейді. Керісініше, іскер азаматтардың мүддесін қорғау үшін құрылған «Атамекеннен» өзге мәселелерді шешуді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жыл сайын қазақстандық орта және ірі бизнес өкілдері ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлейді. Кемінде 215 мыңнан басталатын бұл жарна заңда бекітілген. Дегенмен кәсіпкерлер дағдарыстың белең алған тұсында «Атамекен» палатасы түсіністік танытпай отыр деп ренжулі. Заңды қайта қарастырсын деген олар талаптарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді.
«Қазақстанда жұмыс істейтін кез келген бизнес өкілдері осы палатының мүшесі болуы тиіс. Осы палата жөніндегі заңды қайта қарастыруы керек», -дейді Алматы өндіріс хабының төрағасы Санжар Боқаев.
Кәсіпкерлер өздерін палатаға мүше болуға міндеттемеу керек деп отыр. Айтуларынша, «Атамекен» көмегіне жүгінбей-ақ өз мәселелерін шешіп жүрген бизнес өкілдері де бар екен. «Ұлттық палатаның пайдасын көрген кәсіпкерлер ғана жарна төлеуі керек. Қаламаған адамдарға ақша аударудың қажеті жоқ. Одан бөлек таңдау механизмін енгізу қажет», - дейді El Tiregi өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма мүшесі Тимур Жаркенов.
Дегенмен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр кәсіпкердің есігін қағып көмек ұсынбасақ та бәріне ортақ заңдардың қабылдауын біз мүдделіміз деп отыр. Дәл осы ұйым үкімет пен бизнес арасындағы көпір іспетті. Әр аймақтан келіп түскен шағымдарға сараптама жасап, билікке жеткіземіз дейді. Ал көмек сұрап келгендердің бетін қайтармай тіпті сотқа дейін бірге жүреміз деп ақталды.
«Қатардағы кәсіпкердің күші мемлекеттік органдардың, жергілікті әкімшіліктермен тең емес. Кей кезде бір сұраққа келіспей қалса, кәсіпкерлер бізге сол сұрақпен келе алады», - дейді «Атамекен» ҰКП аппрат басшысы Нұралы Бөкейханов.
Жыл сайынғы айналымның мыңнан бір бөлігін жарна ретінде төлеуді талап етіп отырған «Атамекен» палатасы шағын бизнесті жарнаның бұл түрінен босаттық дейді. Тіпті мүшелік жарна төлемеген кез келген кәсіпкербұл жерден келіп көмек ала алады екен.