$ 494.87  520.65  4.91

Алматы соты Серікжан Біләшқа айыппұл салды

Ол өзіне тағылып отырған айыпты мойындамай отыр.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

18 тамызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "тіркелмеген ұйымға заңсыз қызмет етті" (Әкімшілік кодекстің 489-бабы 10-бөлігі) деп айыпталған белсенді Серікжан Біләшқа (құжат бойынша Бияш) 50 айлық есептік көрсеткіш (138 900 теңге немесе 332 доллар) мөлшерінде айыппұл салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Аталмыш дерек көзінің жазуынша, істі қараған судья Дастан Альбаев оны кінәлі деп тапқан. Сот онлайн түрде өтті. Оған тергеу ісін жүргізген полиция өкілі, аға лейтенант Самат Жарбанов пен жауапкер Серікжан Біләш және оның қорғаушысы Шынқуат Байжанов қатысты.

Полиция өкілінің айтуынша, Серікжан Біләш тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымын "заңсыз құрып", жұмыс істеген. Ал жауапкер Біләш "біз ұйым емеспіз, қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын топпыз​", - деп өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

"Аптасына бір-екі рет арызданушылардың арызын ағылшын тіліне аударып беретінмін. Кейбір азаматтардың арызын жазуға көмектестім. Бірақ бұл еңбегім үшін ешқандай ақы алмадым. Ерікті түрде жұмыс істедім. Сондықтан маған тағылып отырған айыпты мойындамаймын", – деді ол.

Серікжан Біләштің қорғаушысы Шынқуат Байжанов сотта ұйымның ешқандай саяси мақсаты, жарғысы болмағанын, тек Қытайдағы аз ұлттардың көрген қысымын көтеріп келгенін айтты.

"Қайырымдылықпен айналысып жүрген топ мүшелерінің үстінен әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама заңсыз толтырылған. Тағылған айып – негізсіз. Екіншіден, іс 2019 жылы қараша айында қозғалған. Яғни, іс ескіріп кетті. Сондықтан Серікжанның үстінен қозғалған істі тоқтатып, оны ақтауыңызды сұраймын", - деді Шынқуат Байжанов. Осылайша адвокат "әкімшілік құқық бұзылған күннен бері екі ай өтіп кетсе, азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды" деген заңнама нормасына сүйенді.

Жауапкер мен қорғаушының сөзін бөлмей тыңдаған судья бірден сот шешімін шығарды.

Бұған дейін сот тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымына жетекшілік жасап келген Бекзат Мақсұтханға – 100 айлық есептік көрсеткіш (277 800 теңге немесе 664 доллар), ұйымның видеооператоры Ғалым Рахыжанға – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (138 900 теңге немесе 332 доллар) айыппұл салған болатын.

"Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымы 2019 тамыз айына дейін “Атажұрт еріктілері” деген атпен Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан. 2019 жылы наурызда оның жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен “Араздық қоздыру” бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған. Артынша ол бес ай бойы үйқамақта болды. Тамызда сот оған 280 доллар көлемінде айыппұл салып, жеті жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары