$ 494.87  520.65  4.91

Оппозиция көсемі Навальный реанимацияда жатыр

Алдын ала деректер бойынша оппозиция көсемі Навальныйға у берілген.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Ресейдегі жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ессіз күйде Омбыдағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Бұл туралы қордың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады, деп жазады Азаттық сайты.

Оның сөзіне қарағанда бейсенбі күні таңертең Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлаған. Осыған байланысты ұшақ шұғыл түрде Омбыға қонған, сол жерде оппозициялық саясаткерге жедел жәрдем көлігі шақыртылған.

Навальныйдың жанында болған Ярмыштың айтуынша, дәрігерлер оның улануы мүмкін екенін айтқан. Ярмыштың сөзіне қарағанда Навальный таңертеңнен бері шәйден басқа ешнәрсе ішпеген, сондықтан егер қастандық жасалса, әлдекімдер оның «шәйіне бірнәрсе қосып берген болуы мүмкін».

Қазір саясаткер токсикологиялық реанимация бөлімінде жатыр. Әлі есін жимаған. Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дәрігерлер оның неден уланғанын әзірге нақты айта алмай отыр.

Азаттықтың жазуынша, Навальныйға бұған дейін у беру фактісі тіркелген. Былтыр шілде айында да рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып Мәскеудегі тергеу изоляторында қамалып жатқан кезде Навальный улану белгілері бойынша ауруханаға түскен еді. Ертесінде оны ауруханадан шығарған дәрігерлер оның ағзасында "улайтын заттар табылмады" деп айтқан. Ресми мәлімет бойынша, саясаткерде аллергия ұстамасы болған. 

Ал Навальныйдың өзі ештеңеге аллергиясы жоқ екенін, оны уландыруы мүмкін екенін топшылаған. Ол тергеу комитетіне арыз түсіргенмен тексеру жұмыстары жүргізілмей қалған. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары