Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «мектепке жұмысқа тұру кезінде ақша сұраса» бірден маған хабарласыңдар деп өзінің телефон нөмірін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шыңғыс Мұқанның айтуынша, ақша бермесең жұмысқа тұра алмайсың деген қағида бұрыннан қалыптасқан. Енді соны жоятын кез келген.
«Шымкентке келгелі бері мектепке орналастырып беруін сұрап, біраз адам хабарласты. «Шымкентте өзіңіз білесіз ғой, ақша бермесе, жұмысқа орналасу қиын - дейді.
Оңтүстікте өскен соң, бұл тақылеттес әңгімені бала күнімізден естіп келеміз.
Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша, әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі және пара алу да, беру де – қылмыс.
Құқық қорғау орындары мұқият қарап отыруы тиіс.
Ал атқарушы органдар не істей алады?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Оның айтуынша, мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят.
«Егер ондай жағдай болса, ондай ақпаратты мұқият қарап, тиісті органдарға өзім жетелеп апаруға дайынмын.
Десе де, қанша жерден адами факторды болдырмауға, оған ақпараттық технологияны пайдаланғанымызбен, әр кісі бүгінгі сыбайластық - өз баласының болашағына балта шапқанмен бірдей екенін саналы түрде түсінбесе, кез келген озық жүйеден сырғып шығатын саңылау табуға болады.
Сонымен бірге, жұмыссыз қалсам да пара беріп жұмысқа орналаспаймын деп жүргендер де бар. Осындай саналы азаматтар көбейген сайын білім саласындағы да, басқа да саладағы саңылаулар жойылады. Ешкім бермесе, ешкім алмайды. Сондықтан, білім ұйымдарына жұмысқа тұруға үміттілерді ешкімге ешнәрсе бермей, заң аясында тұруға шақырамын.
Біреу бірнәрсе сұрап жатса, маған хабар беріңіз (қызметтік WhatsApp нөмерім +77007007091)», - деп атап өткен ол.