Германия полициясы ауыр халдегі Кремль сыншысы Алексей Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі аурухананың күзетін күшейтті, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Уланды деген күдікпен ауруханаға түсіп, ес-түссіз жатқан Алексей Навальный 22 тамыз күні санавиация ұшағымен Сібірдегі Омбыдан Германияға эвакуацияланды.
Саясаткерді емдеуге кіріскен «Шарите» ауруханасы оның денсаулығы жөніндегі ешқандай мәлімдеме жасамады. Алайда Навальныйдың эвакуациясын ұйымдастырған белсенділер тобы саясаткердің денсаулығы «өте нашар» дейді.
Әлеуметтік желілердегі суреттер мен жазбалар аурухана сыртында полицей саны артқанын көрсетеді.
Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы, жемқорлыққа қарсы науқан жүргізген Алексей Навальный Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақтың ішінде есінен талып, артынан комаға түскен. Навальный ұшаққа отырмас бұрын Томск әуежайында бір кесе қарай шай ішкен. Оның жақтастары сол шайға у қосылған деп санайды.
Cinema for Peace Foundation ұйымы қамтамасыз еткен санавиация қызметі 44 жастағы саясаткерді Берлинге апарып, «Шарите» ауруханасына жеткізді.
Аурухана Навальныйдың денсаулығы жөніндегі мәлімдемені диагностика аяқталғаннан кейін және туыстарымен ақылдасқан соң жариялайтынын айтты.
Омбы ауруханасы бастапқыда Навальныйды беруге бас тартты. Олар мұны науқас жолды көтермейді деп түсіндірді. Бірақ саясаткердің туыстары мен жақтастары билікке жүгініп, ақыр соңында аурухананың рұқсатын алды.
Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Омбы ауруханасының мәлімдемесін жоққа шығарып, эвакуация кезінде саясаткердің халі тұрақты болғанын, бірақ ресейлік дәрігерлердің шешімінен уақыт жоғалтқанын айтты.