$ 498.34  519.72  4.85

Елді сабырға шақырушылардың кейбірі жағдайды ушықтырып отыр - Мұрат Әбенов

Мәжілістің экс-депутаты, бүгінде қоғам белсендісі Мұрат Әбенов жер дауына қатысты митингтердің артында ешқандай саяси күштердің тұрмағанына сенімді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Әбеновтың айтуынша, елді тыныштыққа шақырып, митингке шығушыларға күйе жағып отырғандардың өздері жағдайды ушықтыруда. Халықтың әділдікті талап етуінен саясат іздеудің қажеті жоқ дейді экс-депутат.

«Бәзбіреулер митингтердің артында "түрлі-түсі революцияны" жақтаушылар тұр деген пікір айтып жүр. Яғни, жердің сатылуы мен шетелдіктерге берілуіне қарсы шыққандар алдына саяси мақсат қойып алған дейді. Бұл қайдан шыққан әңгіме? Дәлелдеріңіз қайда? Егер сіздердің ойыңызша, елде революция дайындалып жатса оның артында кім тұр? Олардың мақсаты не? Егер дәлелдеріңіз болмаса жағдайды одан сайын ушықтырудың не қажеті бар? Бізге өзге елдердегі жағдайларды мысал етудің қажеті жоқ. Тыныштыққа шақырған секілді болып қоғамды саясатқа өздеріңіз итеріп отырсыздар» дейді М.Әбенов.

Оның пікірінше, мұндай топтар елді сабырға шақырған кейіп танытып, билік пен халық арасын тек алшақтатып қана отыр. «Мәселені соншама даурықтырмай, Жер кодексіндегі кейбір мәселелерді халыққа түсіндіру керек» дейді ол.

«Халқымызға тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз, қайта қол жеткізген мемлекеттігіміз қымбат. Халық онсыз да төңкеріске бармайды. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан дана қасиетіміз қиын жағдайда бірлікті нығайта түседі. Халықты бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ, одан гөрі мәселені шешудің жолдарын іздеу керек» деп сөзін түйді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, былтыр өзгерістер мен түзетулер енгізілген Жер кодексі аясында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлер ел азаматтарына аукцион арқылы сатылып, шетелдіктерге жалға беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары