$ 498.34  519.72  4.85

Депутат Қарақұсова жер дауының ушығуына журналистерді кінәлады

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова елде өршіп кеткен жер дауына журналистерді кінәлап отыр. Оның айтуынша, тілшілер әу баста контекст ішінен мәтінді бөліп алып, заңның мағынасын құбылтып берген.

"Қазір мәселенің мән-жайын анықтамай, контекст ішінен ойыңды бөліп алып, мағынасын өзгертіп беру сәнге айналды. Журналистер мықты сарапшы болуы керек. Мен мұны үнемі қайталап келемін. Сіздер, журналистер, талдауға сүйенулеріңіз керек, өйткені, ең соңғы сөзді халыққа жеткізетін сіздерсіздер. Жер мәселесіне қатысты жағдайды ешкім саралаған жоқ, контексттен қиып алып, өздеріне ыңғайлы етіп бере салды. Салдарынан шындыққа жанаспайтын пікірлер айтылып жатыр" дейді Қарақұсова Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, елге инвестор тарту жұмысы 2013 жылдан бері қызу жүріп жатыр. Дегенмен, нәтижесі ойдағыдай емес. Ал, жерді жалға алуға кезекке тұрған шетелдіктердің де саны көп емес көрінеді.

"Қазір 2016 жыл. Бізге әлі инвестициясын көтеріп ешкім келген жоқ. Ауылшаруашылық жерлерінің тек 0,06 пайызын ғана шетелдіктер жалға алып отыр. Оның 2 пайызы қырғыздарда, 2 пайызы өзбектерде, қалған 2 пайызы еуропалық елдердің үлесінде. Жағдайымыздың қандай екенін көріп тұрған боларсыз. Жерімізді жалға аламыз деп кезекте тұрған шетелдік әзірге жоқ" деп атап өтті мәжілісмен сұхбат барысында.

Қарақұсова сондай-ақ, елдегі жер дауына депутаттардың да кінәсі бар екенін жасырмайды. Оның пікірінше, бұрындары депутаттар насихат жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп келген. Ал, қазір бұл үрдіс бәсеңдеп қалды дейі ол.

Айта кетейік, Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерінің сатылуы мен шетелдіктерге жалға берілуіне қарсылығын білдірген ел тұрғындары бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласында митингтер өткізді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары