$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақтар Одақ шарттарын орындамай жатыр»: Ресей Қазақстанның үстінен ЕАЭО-ға шағымданды

Ресейлік компаниялар «Шикізат тасымалын азайту арқылы Қазақстан дайын өнім экспортын өсіреді» деп қауіптенеді. Ал нарықта оларға бәсекелес керек емес.
фото: inbusiness.kz
фото: inbusiness.kz

Солтүстіктегі көршіміз бізге өкпелі. Ресей Федерациясы Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстанның үстінен шағым түсірді. Олар темір шикізаты жеткізілмей қалғанына наразы. Қара темір рудасы жыл басынан бері дүрыс жеткізілмеген көрінеді. Ал маусым айынан бері мүлдем тоқтап қалды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Келтірілген деректерге қарағанда, Қазақстан Ресейге жылына 1 млн тонна руда жеткізіп беріп отырыпты. Жағдай биыл өзгерген. Жыл басынан бері бар-жоғы 300 мың тонна ғана сатыппыз. Бұл көршімізге ұнамады. Ресейлік БАҚ мұны, әрине, сынның астына алды. «Қазақтар Одақ шарттарын орындамай жатыр» деп жазды.

Қазақстан шикізат жеткізуді маусым айында мүлдем тоқтатып тастапты. Бір қызығы, қара металл тасымалы тоқтағанымен, дайын болат өнімдері қаз-қалпында жеткізіле беріпті. Ресейді осы ойландырып тастаған. Қара және түсті металдарды шетелге көлікпен тасуға Үкімет 2018 жылы тыйым салып тастапты.

«Тасымал межесін тежеген себептің бірі – осы», - дейді экономист Сапарбай Жұбаев. Дегенмен, ол «Бұл байбалам салатын тақырып емес» деген ойда. Мұны көршілеріміз шағым түсірмей-ақ шеше алады екен. Бірақ, Ресей «Ел естісін» деген болуы керек, бұл түйіткүлді олар Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қарастырғысы келген. Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, шикізат жеткізілуінің тоқтауы Қазақстанның экспортқа рудадан бұрын дайын өнімді шығарғысы келетінін аңғартады екен.

«Қарағандыдағы металлургия зауыты шикізат өндіруден дайын өнім өндіруге күш салып жатыр. Сондықтан егер екі ел арасында қандай да бір келісім болған болса, бір ымыраға келу арқылы шешкен дұрыс», - дейді экономист.

Тасымалды біздің жақ жыл басында бәсеңдетіпті. Ресей билігіне алғашқылардың бірі болып Магнитогорск металлургия комбинаты шағымданған. Осыдан кейін басқалары да наразылықтарын танытты. Ресейлік компаниялар «Шикізат тасымалын азайту арқылы Қазақстан дайын өнім экспортын өсіреді» деп қауіптенеді. Ал нарықта оларға бәсекелес керек емес. Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі болса, тасымалға тыйым салынбағанын айтады. Тек көлікпен ғана тасуға болмайды екен.

«Қара және түсті металл қалдықтарының экспортына қатысты өзге тыйымдар жоқ. Металлургия – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Ел экономикасына қатты кері әсер еткен короновирусқа байланысты пайда болған жағдайды есепке ала отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдап, олардың іркілістерін азайту – маңызды шара», - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми өкілі Мадияр Уақпаев.

Яғни, Үкімет бірінші орынға отандық кәсіпорындарды қойған. Ішкі нарық қанағаттанбай, сыртқа руда тасу қисынсыз. Ал Ресей шағымы Еуразиялық экономикалық одақта қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Неде болса, көршілер арасында «қызық дау» болатыны анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары