Ақ жол партиясының басшысы Азат Перуашев «Деловая неделя» газетіне берген сұхбат беріп, елдегі қордаланып отырған біраз мәселенің бетін ашқан. Перуашев мырза бұл сұқбатында сыртқы қарыз мәселесіне ерекше тоқталыпты. «Біздің мемлекетіміз сыртқы кредиторларға 158 млрд доллар берешек, бұл жалпы ішкі өнімнің 90 пайызын құрайды. Елдегі еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейінгі әрбір азамат шетелдік «ағатайға» 9 мың доллар қарыз», - деп атап өткен.
Араша.кз сайтының жазуынша, сонымен қатар Мәжіліс депутаты ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджетті тиімсіз пайдаланатынын, оның үстіне шетелден қыруар қарыз алатынын жайып салған.
«Министрліктер мен әкімдіктердің жанынан құрылған мекемелер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өз шығындары мен атқарған жұмыстары жайлы парламентке есеп беруі тиіс. Біздің елде мемлекеттік қаржының басым бөлігі бюджеттен тыс, қоғамнан жасырын түрде ұсталады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та дәл сол жерде. Сондықтан бірінші кезектегі міндет – мемлекеттік қаражатты парламенттің бақылауына қайтару», – деп салған Азат Перуашев.
Ақ жол партиясы басшысының бұл мәлімдемесіне қатысты әлеуметтік желі пайдаланушылары әртүрлі көзқарас білдірді. «Назарбаев кеткенде жылаған Перуашев жүйеге қарсы шықпақшы ма? Ол бұл проблеманы осыған дейін неге көтермеген? Мүмкін саяси көзқарасын өзгерткен болар?», – деген пікірлер жазылған.