«Желтоқсан-86» ұйымының белсенділері «Алаш-Желтоқсан» атты партия құрғалы жатқанын хабарлады. 11 қыркүйекте Алматыда өткен жиында бастамашыл топ Қазақстанның әділет министрлігінен партияның құрылтай съезін өткізуге рұқсат алғанын айтты, деп жазады Азаттық радиосы.
«Желтоқсан-86» ұйымының белсенділері «ешкімді қарсылас көрмейміз, өзімізді оппозициялық партия санамаймыз» дейді. Бастамашыл топ жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс «ұлттық мәселелерді көтергенде ұйымнан гөрі саяси топтың ықпалы көбірек болатындықтан, партия құруға бел будық» дейді.
«Бүгінде елде проблема өте көп. Сондықтан ұлттық проблемаларды көтеретін «Алаш-Желтоқсан» партиясы – біз боламыз деп ойлаймын. Біз әлдекімді қарсылас тұтатындай идея ұстануды қаламаймыз. Желтоқсаншылардың «елім, жерім, қазағым, ұрпағым, тілім» деген өз идеясы бар. Құрылып жатқан партиялар мен қозғалыстардың көп болғанын қалаймыз», – дейді ол.
Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізіліп, партияны тіркеу үшін қажетті мүше саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтылған.
«Алаш-Желтоқсан» партиясын құру бойынша бастамашыл топ заңгері Айболат Жұмабайдың сөзінше, ұйымның барлық қалада филиалы мен жақтастары бар. Ол бастамашыл топтың 20 мыңнан да көп адамның қолдауына ие болатынына сенеді.
«Президентіміз «көппартиялы жүйені қолдаймын» деді. Осының өзі бізге көп мүмкіндік беріп отыр. Біз оппозициялық партия емеспіз, ең басты мақсатымыз – егемендігімізді нығайту, халықтың мүддесін қорғау», – дейді Айболат Жұмабай.
Құрылғалы жатқан партия бағдарламасында «Қазақстанда гуманистік, құқықтық, әділет негізіндегі демократиялық тәуелсіз мемлекет орнатып, оны нығайту», «халықтың өзін-өзі билеу саясатын дамыту» сияқты ұсыныстар жазылған.
Құрылтай жиыны кезінде кейбір желтоқсаншылар «Қазақстан» атауын «Қазақ елі» деп өзгерту сияқты ұсыныстар да айтты. Бастамашыл топ екі ай көлемінде өтуі тиіс съезге қол жинауға кірісіп кеткенін хабарлады.
Заң бойынша, келер жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтеді. Қазір елде ресми тіркелген 6 партия бар.