$ 494.87  520.65  4.91

ҚХР сыртқы істер министрі Назарбаевты еліне шақырды

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы жан-жақты қатынасты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Қытаймен достықты жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Біз тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, шекара мәселесін толық шештік. Біздің қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл болған жоқ, әрі қарай да солай жалғасуы керек. Қазақстан Қытайдың біраз бастамаларын қолдайды. Соның бірі - "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасының жүзеге асуы. Оны  Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан жерінде жариялаған болатын. Біз талай шаруа атқардық, әлі де көп жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде", - деді Елбасы.

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы жан-жақты қатынасты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты. Ван И Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының әрі қарай да тереңдей беретініне сенім білдірді.

"Жақында Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Сіз оған қол жеткізудің бастауында тұрдыңыз. Осы жылдар ішіндегі Қазақстанның табысты дамуы бәрімізді тәнті етеді. Осы жетістіктің бәріне Сіздің арқаңызда қол жеткізілді. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан өсіп-өркендеді. Өз еліңіз үшін және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тату көршілік қатынастарды дамыту үшін біраз шаруа атқардыңыз. Қытай халқының Сіз сияқты сенімді досы бар. "Бір белдеу, бір жол" бастамасы дәл осы жерде - Қазақстанның астанасында бастау алғанын ешқашан ұмытпаймыз", - деді Ван И.

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің ауызша ыстық сәлемін жеткізді. Онда Қытай Төрағасы Елбасыны кез келген ыңғайлы уақытта Қытайға сапармен келуге шақырды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің өткен отырысы туралы айтып берді. Ван И осы жылдар ішінде Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына ең белсенді қатысушылардың бірі ғана емес, сондай-ақ көптеген идеяларға, жобалар мен бағдарламаларға бастамашы болғанын атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай Төрағасына ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ ШЫҰ және "Бір белдеу, бір жол" жобасының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

"Си Цзиньпинге жылы лебізі үшін алғысым шексіз. Мен ШЫҰ құрылуының бастауында болдым. Ұйымды сақтау және одан әрі дамыту керек деп санаймын. Жаһандануға қатер төніп тұрған қазіргі кезде ШЫҰ және "Бір белдеу, бір жол" интеграция идеясын ұстанатын көптеген халықтар үшін тығырықтан шығудың жолы болып отыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары