Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай Facebook-тегі парақшасына «Мен Қосанов та, Әбілязов та емеспін!» деген жазба қалдырып, өзінің экологиялық партия құрып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, ол осы мүддесі үшін ақшаға «бір облысты әпермек болған» дөкей танысының ұсынысынан да бас тартқан, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әңгімесін ә дегеннен «Қазақстанға тыныштық керек» деп бастаған ол, кең байтақ жерімізді аз халықпен ұстап тұра алмайтынымызды, сондықтан елді көтеріліске үндей бермеу керектігін, ондай жағдайды сыртқы күштердің пайдаланып кете қоятынын бір қайырып алды. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, ТМД кеңістігінде болып жатқан саяси оқиғалардың өзі бізге сабақ болуы тиіс екенін ескертіп өтті.
«Яғни, бізге қазіргі жүйені өзгерту үшін революция емес, эволюция қажет. Бәрі орын-орнымен болғаны жөн. Онда да халық кез келгеннің артынан емес, елдің, мемлекеттің, ұлттың қамын ойлайтын жаны таза, адал тұлғаның маңайына ұйып, соның маңына топтасуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, халықтың аузы күйді. Былтыр Қосановқа ереміз деп бір алданды. Қазір Францияда отырып алып, елді билікке айтақтап отырған тағы біреу бар. Оған да сенуге болмайды. Мықты болса, билікте жүргенде халықтың қамын неге ойламады? Демек, Қазақстанның саяси алаңына жаңа серкелер шығуы тиіс», - дейді Азаматхан Әміртай.
Содан кейін барып өзінің экологиялық партия құру жолында екеніне тоқталды. Оның да мақсаты өзге париялардікіндей: халықтың сөзін сөйлеп, қамын жеу, мемлекеттің иесі қазақ екенін өзгелерге мойындату, қазақтың тілін осы жерді мекендейтін барлық ұлттың ортақ тілі ету.
«Әрине, қазір бізді қолдаушылар аздау. Бірақ, оған бола жұмысымызды жолдан доғара алмаймыз. Құрғақ уәде, әдемі сөз емес, нақты іс-әрекет арқылы өзімізді өзгеге танытамыз. Мойындатамыз. Біз жасаған нақты жұмысты көрген соң-ақ халық біздің артымыздан еруі тиіс.
Осыдан бірер ай бұрын бір танысым: «Азеке, сен миллионерсің ғой. Бір миллион (доллармен) бер, бір облысты әперейік», - дейді. «Пейіліңе рахмет, мен әкім болғым келмейді. Орынтақ үшін жұмсайтын ол миллионды мен партия құруға, одан ары халықпен жұмыс істеуге арнағаным тиімді. Мен сол жолды таңдаған адаммын», - деп жауап бердім. Егерде мен билікте болғым келсе, оған баяғыда қол жеткізер едім. Бірақ, мен таңдаған жол – басқа», - деп «ағынан жарылып отыр» қоғам белсендісі.
ОЛ мақсаты да өзге партия лидерлерінікіндей: халықпен бірге болу, ұлттың қамын жеу, мемлекеттің болашағын ойлау, тәуелсіздікті баянды ету. Сол мақсатқа жету үшін партия құру керек болыпты.