15.09.2020, 02:20

Жамбылдық әйел 3 баласына алимент төлеуге «жағдайы болмаған» күйеуін праймеризден тапты

Журналист Асхат Қасенғали бұл жайтты «Тағдырларды тоғыстырған праймериз», - десе, Алтын Жұматаева есімді кісі: «Праймериздің жақсы жағы да бар екен, қашқын әкені табатын», - деп мысқылдады.

Журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасына «Праймериз қызықтары» деген тақырыппен 3 баласына 3 жыл бойы алимент төлеуден жалтарып жүрген жамбылдық шаруа қожалығының иесін жариялады. Ол да «Нұр Отан» партиясының филиалы атынан «халық қалаулысы» болудан үміткер екен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жамбыл облысы, Жуалы ауданының тұрғыны Толқынайдың хаты «Бұл азаматпен заңды некеде болдық, ажырастық. Арамызда кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала бар. Күйеуім «шаруа қожалығында жұмыс істеймін, алатыным – 20 мың, алиментке 10 мың теңге беремін» деп анықтама жаздырып алыпты. Оны да төлемегелі 3 жыл болды. «Қайда барсаң онда бар, төлемеймін» дейді, өзім 2-топтағы мүгедекпін. Осындай адамдарды праймеризге қалай қабылдайды?» деп менен сұрайды», - деген әріптесіміз ол сауалды «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалына жолдайтынын ескертті.

Сондай-ақ, жазба авторы «Шынында, өз балаларын жарытпаған әке халыққа қалай қамқор болады?» - деп оқырмандарына да бір сауал тастап қойған. Ол жазбасындағы скриншоттардан аты-жөнін бояп жасырғанмен, партияның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында балаларынан безген әкенің «жарнамасы жер жарып» тұр.

Оның Instagram-дағы сілтемесін Гүлмира Әбіқайдың жазбасына пікір қалдырған Аида Әбдірахманова атты желі қолданушы жария еткен еді, алайда, кейін оны өшіріп тастады. Ал журналист Асхат Қасенғали бұл жайтты «Тағдырларды тоғыстырған праймериз», - десе, Алтын Жұматаева есімді кісі: «Праймериздің жақсы жағы да бар екен, қашқын әкені табатын», - деп мысқылдады. Өзге оқырмандар да «халықтың қамын отбасынан жоғары қойған» нұротандық үміткерді жетістіріп отырған жоқ.