Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желі бетінде хит болып тұрған праймериз науқанына қатысты өз ойын білдіріп, тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, праймериз биліктің ыңғайына қарай жасалған дүние болғанымен, оның да пайдалы тұстары баршылық. Яғни праймеризге барамын деп алаулатып-жалаулатып жатқандардың біразының маскасын шешіп, шынайы бет-бейнесін айқындауға мүмкіндік бермек.
«Праймериз - депутаттыққа кандидаттардың маскасын шешетін дұрыс жол болды! Кез келген жаңа реформа келгенде дұрыс қабылдамай жатамыз! Мүмкін реформаны әркім өз бағытына бұрғаннан болар! Бұл жолы Бауыржан Байбектің партия ішіндегі бұл өзгерісті Байбек үшін емес, өзіміз үшін қолдауымыз керек!
Бұрын партияға ығай мен сығайлар әр аймақтан сайланып кеткенін ескере отырып, праймеризге барамын деп жалаулатқандардың біразының маскасын шешіп жатырмыз!», - деп жазған бұл жолы.
Оқи отырыңыз:«Депутаттыққа тілі майда алаяқтардың өтіп кетуінен сақ болу керек» - заңгер
Яғни халықтық қадағалаудың арқасында биік мінберге туған баласын қаңғытып қоя берген алиментшілер мен жемқорлар, ұры-қарылардың көтеріліп кетуінің алдын алуға болады.
«Өз баласына алимент төлемеген жауапсыз әке, күзетшіні атып, қамалмаған депутаттың ұлы, шопыры жемқорлық жасады деп айып таққан кандидаттарды бұл жолы өткізбеуіміз керек!
Өз баласына нанын бере алмай жүрген депутат халықтың жағдайын қайдан жасасын? Күзетшісін абайсызда атып алған адам, ертең халықты абайсызда атып алмайтындығына кепілдік қайда? Ауыл аймақтағы ағайындар!
Праймеризге барамын деген бүкіл үміткерлерден осы бастан талапты күшейтіңіздер! Бізге бюджетті жейтін емес, елге жұмыс істейтін депутаттар керек!
Партия таңдауға мүмкіндік беріп тұрғанда, депутаттыққа баратындардың маскасын шешіңдер!
Праймеризді тек партия ішін де емес, үкімет басын тағайындап емес, сайлап қолданып көру керек екен!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.