$ 494.87  520.65  4.91

«Қаржы министрлігіндегілер ақшаны шетелге тасып жатыр»: Жамбылдық кәсіпкерлер Тоқаевтың атына үндеу жолдады

Қарапайым азаматтар карантинде қамалып отырғанда мемлекеттік шенеуніктер, оның ішінде Қаржы министрлігі «бейшара халықтың соңғы қап бидайын кемірген атжалманша» параны оңды-солды алып жатқандай әсер қалдырады.
Фото: nege.kz
Фото: nege.kz

Nege.kz редакциясына Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің Президент әкімшілігінің жетекшісі Е.Ж.Қошановқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Ж.Шпекбаевқа, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы А.Н.Жайылғанованың атына жазған арыз келіп түсті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдау жасаған күні жазылған хатта кәсіпкерлер Қаржы министрлігіндегі шенділерді айыптап, Президенттен араша сұрайды. Хат мәтіні төмендегідей:

«1 қыркүйектегі жолдауында Президент Қ.Тоқаев «мемлекеттік басқаруды, кадр саясатын, шешім қабылдау жүйесін және оның орындалуына қатысты жауапкершілік мәселесін өзгертуді» тапсырған.

Президент нақты әрі түсінікті айтты: «Мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жаңғырту керек. Пандемия мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істеуі мемлекеттік аппаратты қысқарту қажет екенін көрсетті».

Алайда Қаржы министрлігі мен мемлекеттік кіріс органы мемлекеттің бірінші басшысы – Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасын орындайтынына зор күмәніміз бар. Статистикаға қарасаң, Жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылдың басынан тамызға дейін мемлекеттік органдардың 137 лауазымды қызметкерін ұстапты. Жеті айдың ішінде жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс үш есеге өскен!

Қарапайым азаматтар карантинде қамалып отырғанда мемлекеттік шенеуніктер, оның ішінде Қаржы министрлігі «бейшара халықтың соңғы қап бидайын кемірген атжалманша» параны оңды-солды алып жатқандай әсер қалдырады.

Қаржы министрі болып Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев келді. Жас, ақылды, таза жігіт сияқты, бірақ Қаржы министрлігіндегі жемқорлық өршіп кетті.

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті кадр бөлімінің басшысы А.С.Айтназаров сотталды. Бірақ ІМАД басшысы А.Е.Дүйсембаев тек «сөгіс» алды. Неге?

Жемқорлыққа қарсы қызмет пен ҰҚК Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті «Нұрлы Жол» кеден бекетінің 8 қызметкерін кәсіпкерлер мен жүргізушілерді Қытайға өткізуге пара алғаны үшін ұстады. Не өзгерді?

Қарағанды облысында Сәтпаев қаласының қазынашылық басқармасының бастығы жемқорлықпен ұсталды.

Қызылорда облысында Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары А.Қасымбаев 10 млн теңге пара алған. Жемқорлықпен күресуге тиіс басшының өзі парамен істі болды. Ештеңе өзгерген жоқ!».

Республика бойынша жемқорлықты жіпке тізген кәсіпкерлер бұдан әрі Жамбыл облысында болып жатқан жағдайды баяндайды. Хаттағы дерекке қарағанда, биыл жазда Жемқорлыққа қарсы қызмет Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті салық басқармасының басшысы Н.О.Тілеубековті «жалған кәсіпкерлікті жасырып қалу үшін 100 мың доллар пара алды» деген күдікпен ұстаған. Ол тікелей басшысы – Мемлекеттік кіріс департаменті жетекшісі Е.Ә.Зикеевтің тапсырмасын орындаған.

«Тілеубеков ұсталғаннан кейін Зикеев Министрдің жарлығымен қызметінен «тыныш» кетті. Министрліктегі барлық лауазымды тұлғалар Зикеевті жұмыстан босату жөніндегі жарлыққа Е.Жамаубаев жоқ кезде вице-министр Б.Шолпанқұлов қол қойғанына сілтейді. Сонда ол Қаржы министрлігіндегі барлық жемқорлыққа жауапты батыр ма?! Бұл не қылған арамдық?! Мұндайға неге жол бересіздер?», – депті кәсіпкерлер.
Кәсіпкерлердің пікірінше, жемқорлық дерегінен соң Е.А.Зикеев, М.Е.Сұлтанғазиев, А.Ж.Ашуев, Е.К.Жамаубаев жауапқа тартылуы тиіс.

Жамбыл облысында салық қызметкерлері қарапайым тәртіпті сақтамайтын көрінеді. Мәселен Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жетекшісінің орынбасары Бақыт Байтик екі айдан бері ауырды деген анықтамамен жүр. «Мұның заңдылығын неге ешкім тексермейді? Әлде айлап жұмысқа бармауға, жұмыс уақытында спирттік ішімдік ішуге бола ма?», – деп сұрақты төтесін қояды.

Кәсіпкерлер «Мемлекеттік кіріс комитеті орталық аппарат қызметкерлерінің ауырды деген анықтамаларын тексерер болса, көп былық ашылады» дейді. Олардың айтуынша, шенділер бас санитардың қаулысына пысқырмай, шетелге емін-еркін шығып жүрген және салықшылардың «карантинді қалай көңілді өткізгенін» тексеру оңай.

Соңғы үш жылда МКД-ден мықты кадрлар кетіп, олардың орнына комитет басшысы Сұлтанғазиевке берілген адамдар келген. «Сонда мемлекеттік қызмет реестріне «Алматы облысы, Шелек ауданында туған» деген баған енгізу керек пе? Мақтаулы мерократия қайда қалды?», – деп жазады кәсіпкерлер.

Хаттың ең қызық тұсына енді келдік. Президенттің шенеуніктерге қатысты оффшорлық есепшоттарды тексеру туралы тапсырмасын арқау еткен кәсіпкерлер Қаржы министрлігіндегі барлық шенді-шекпенділердің есепшотын тексеруді ескертіп, былай деп жазады:

«Олардың бәрінің Еуропада, Қытайда, Сингапурде, БАӘ-де, АҚШ-та, Кипрде, Люксембургте есепшоттары бар. Және бұл жәй айтыла салған сөз емес. Түрлі жолмен алып шыққан ақшаны туған-туыстарының атына жазып қойған».
Мұны тексеруді Қаржы министрлігінің өзіне тапсырмауды сұраған хат иелері Жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан шенділердің шетелдік есепшотын тексеретін арнайы департамент құруды ұсынады.

Тағы бір көңіл аударарлық жолдар мынау:

«Мемлекеттік кіріс комитетінде 15 мың арамтамақ отыр. Оларды қысқартқаннан ештеңе өзгермейді. Карантинде қарапайым халық пен кәсіпкерлер әрең отырғанда олар жұмыстың жоқтығынан ішімдік ішіп, қарамағындағы қыз-келіншектерді азғырып бітті...».
Бұдан әрі кәсіпкерлер Экономикалық тергеу қызметін ІІМ-ге немесе Жемқорлыққа қарсы қызметке беруді ұсынады. Олардың айтуынша, біз сияқты «өз қотырын өзіне қасытып қойған» басқа ел жоқ. Сондай-ақ Кеден қызметін де АҚШ сияқты шекара қызметімен біріктірген жөн және ол құрылым тікелей Президентке бағынғаны дұрыс.

Кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, МКК-нің экспорттық бақылау бөлімшелерін де мұқият тексеру керек. Өйткені қырғызбен және Ресеймен шекарада парақорлар шытырлатып ақша санап жүр.

«Салықшылардың бір көліктен алатын «ставкасы» жүктің маңызына қарай 2 мыңнан 10 мың долларға дейін жетеді. Жемқорлықты анықтау үшін жүргізушілер арасына жысырын сұрау салса жеткілікті. Олар бұдан да сорақы жайттарды айтып береді».
Осылайша тұтастай министрлікті өткір сынаған жамбылдық кәсіпкерлер хатын былай қорытыпты: «Көлеңкелі экономиканы қысқарту керек пе? Онда Қаржы министрлігі қызметкерлерінің 50%-ын қысқарту керек. Қалған 50%-ын полиграфиядан және аттестациядан өткізген дұрыс. Сонда көлеңкелі экономика да 50%-ға қысқарады.

Біздің жазғанымыздың бәрі – шындық. Бізге сүйкеме жауап керек емес, оны оқуға уақытымыз да жоқ. Министр Жамаубаев пен комитет, департамен басшылары 10 қазанда брифинг өткізіп, біздің сауалдарымызға жауап берсін. Қояр сұрақтарымыз әлі де жеткілікті. Шара қолданбаған жағдайда Қаржы министрлігі басшыларын қызметінен алу жөнінде Президент Қ.Тоқаевтың атына онлайн-петиция ұйымдастыруға дайынбыз».

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жамбыл облысындағы мүшелерінің (барлығы 48 өнеркәсіп иелері) Қаржы министрлігі басшыларына таққан айыбы атан түйенің белін қайыстырарлық. Бұған қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың жауабы қандай болар екен?   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары