24.09.2020, 12:00

«Балаларымызға орануды емес, тәрбие мен ғылым жолын насихаттауымыз керек» - заңгер

фото: zanmedia.kz
Бұл оқиғаны жай қалдыруға болмайды, мектептерге құқықтық тәрбие сағатын көбірек қосу керек!

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбаршы ауылында болған жасөспірімдер арасындағы төбелеске қатысты өз пікірін білдірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Заңгердің айтуынша, сыныптасының шашынан сүйреген білім мен отбасылық тәрбенің кемдігінен. Тәрбиесіз, құр орану ұлтқа ешқандай пайда әкелмейді.

«Имандылық, көркем мінез қайда ал? Орану керек! Иманды, көркем мінезді болады дейтін едіңіздер! Мынау ма енді оранғандарымыздың түрі? Имандық, тәрбие көркем мінез жайында қалды!

Балаларымызға орануды емес, мықты тәрбие беріп, білім және ғылым жолын насихаттауымыз керек!

Ал кешірім сұрап тұрған қыз, әлі де өзінің кінәлі екенін заң бұзып, бұзақылық жасағанын мойындап тұрған жоқ! «Любой адам солай істейді» - деген сөзінің өзі, есіктен шыққаннан кейін ұмытып, қайта қыздарды қорлайтын адамның сөзі. Басқаларға сабақ болу үшін бұл қызға жаза тағайындау керек! Жазаланған адам ғана, қателігін түсінеді! 

Бұл оқиғаны жәй қалдырмауымыз керек, мектептерге құқықтық тәрбие сағатын көбірек қосу керек!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Еске салайық, мұның алдында ақтөбелік оқушы қыздардың төбелесі түсірілген видео тараған болатын. Бұл оқиға Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбаршы ауылында болған еді.