Президент Тоқаев бір емес бірнеше рет «шетелдіктерге сатылмайды!» деп қадап айтса да қоғам белсенділері жер мәселесін көтеріп, әлі де алаңдаушылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, Мемлекет басшысы кепілдік беріп отырғанымен, негізгі құжатта жердің сатылуына нақты баппен тыйым салынбаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алаш жолы» қоғамдық қозғалысының жетекшілерінің бірі, заңгер Мақсат Ілиясұлының айтуынша, қолданыстағы Жер кодексі бойынша жердің шетелдіктерге сатылуына тыйым салынбаған.
«Президент Қ.Тоқаевтың «жер шетелдіктерге сатылмайды», - дегені шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы ҚР Жер кодексі бойынша жер шетелдіктерге сатылады.
Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағы бойынша жер шетелдіктерге сатылады. Аталған бапта «Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн. («В частной собственности иностранцев, лиц без гражданства и иностранных юридических лиц (негосударственных) могут находиться земельные участки для целей, указанных в пункте 3 настоящей статьи, за исключением земель, предназначенных для ведения сельскохозяйственного производства и лесоразведения») деп анық жазылып тұр.
Сондықтан, Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың «Жер шетелдіктерге сатылмайды»,-деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайды.
Президент Қ. Тоқаев жердің шетелдіктерге жалға берілуін де қолдайды.
Н.Назарбаевтың да мораторий жарияладық, енді жер шетелдіктерге сатылмайды дегені де өтірік болатын. Себебі, жоғарыдағы 23-баптың 4-тармағына мораторий жарияланған жоқ», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.