Әлеуметтік желіде журналист Думан Бықайдың атышулы Тайчибековтің ұсталуына қатысты жазбасы жарияланды. Журналист бұл жазбасында Солтүстік облыстардың Ресейге қосылуын тілейтін ұлт сатқыны Ермек Тайчибековтың қамалуына Әзірбайжан халқының көмегі тигенін айтқан. Айтуынша, қазақ билігі Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігінің ресми хатынан кейін ғана қозғала бастаған.
«Атышулы Тайчибековті абақтыға қамауға әзірбайжан бауырлар да атсалысты Мұны көп ешкім біле бірмейді. Қайбір жылы Мәскеу сапарында әзірбайжан саясаттанушы Заур Расулзадамен таныстым. «Тайчибековке қалай төзіп жүрсіңдер? Бүтін бір ұлтты табанға таптап, Путиннің қолтығына кіруге үгіттеп жүрген қызыл көз бәлені ноқталар шамаларың жоқ па? Намыс қайда бауырым-ау? Ел жеткізбегенді, жел жеткізеді. Мына жақта біздің зығырдан қайнап жүр! Мына менің қолыма түссе бұтын бұт, қолын қол қылар едім. Құлындағы даусы қиянға жетер еді. Қазақ бауырлардың көрген қорлығы, тартқан теперіші аз ба? Періште қалғып кетсе, жын-сайтан ойына келгенін істейді. Қалғымаңдар», - деп аз-кем ақыл-кеңесін айтқан», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Журналистің айтуынша, Заур Расулзада мысықтілеу блогер туралы мақала жазып, Әзірбайжанның тиісті органдарына жолдауға уәде берген.
«Сол сапарда "Тайчибеков туралы ішіме сыймағанды қағазға түсіріп, күллі қазақ халқына үндеу жолдайын, бұл бір жағынан бізге де сабақ болсын" деп өтінген еді. Мақала шыққаннан кейін Әзірбайжанның тиісті органдарына жолдайтынын, бұл мәселеге азды-көпті ықпал етуге тырысатынын айтып уәде берген.
Оқи отырыңыз: Блогер Ермек Тайшыбеков ұсталды
Артынша Dalanews-те Заур ағаның «Потом будет поздно...» деген мақаласы шықты. Орысша нұсқасын қазақшасымен қатар жарияладық. Кәдімгідей қызу дискуссия болып, әлгі мақала сол тұста бостандықта жүрген Тайчибековтің назарына ілікті. Орыстілді аудитория Тайчиктің асты-үстіне түсіп, кісілігіне кір жуытпады. Бастысы Заур аға сөзінде тұрды. Әлгі мақаланы Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігіне жеткізген екен. Олар біздің министрлікке жолдап, Dalanews-тің материалы тиісті құрылымдардың назарына ілігеді.
Сырт көздің пыш-пышынан қорқатын біздің сабаз билік содан кейін барып қимылдады. Мен мұны "Тайчиктің басынан бақ тайған күн" деп атаймын», - деп атап өткен жазба авторы.