14.10.2020, 15:20

«Менің «аузымды жапқысы» келетіндер қылаң бере бастады» - сенатор

Фото: sputnik.kz
Оларға тапсырыс беріп отырған аржағындағы бастықтардың қылығына қапалымын.

Кеше ғана өткен Сенат сайлауында қара үзіп, депутат атанған Ақылбек Күрішбаевқа біреулер шабуыл жасай бастаған сыңайлы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Ол өзінің facebook парақшасында  «аузымды жапқысы» келетін мазмұнда мақалалар шыға бастады» деп жазба қалдырған.

Сенатордың айтуынша, мұндай мазмұндағы қаралау материалдары өзінің өзекті мәселелерді көтерген бірнеше депутаттық сауалынан кейін басталған. 

«Менің депутаттық сауалдарымнан кейін, «аузымды жапқысы» келетін мазмұнда мақалалар шыға бастады. 

Оларға тапсырыс беріп отырған аржағындағы бастықтардың қылығына қапалымын. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің, бірлесіп талқылаудың және қандай да бір шараларды қолданудың орнына, осындай істерге барып отырғандары ұят тірлік», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Ақылбек мырза, олардың кімдер екенін жақсы білемін дегенімен, нақты ешкімнің атын атап, түсін түстемеген. Тек артына түсушілердің осыдан көп жылдар бұрынғы дүниелерді қайта қаузап жатқанын айтқан. Тағы бір айта кетерлігі, оның да анық-қанығын ашып айта қоймаған.  

«Сіздердің 12 жыл бұрынғы сұрақтарыңызға келетін болсақ, мен оларға тіпті жауап беруге уақыт жұмсағым келмейді. Себебі онда келтірілген «компроматтар» контекстен жұлынып алынған, қалған бөлігі ойдан шығарылған дүниелер. Менің ойымша, көзі ашық адамдар үшін бұл қызығушылық тудыра алмайды. 

Ал авторларға айтарым, тек алға қарап, мәселелерді шешу керек қой. Мен үндемегендіктен, олар өздігінен шешіле ме? 

Мен тек сенатор бола салып, «тәуелсіз ревизия» жүргізе бастады деген сөздеріңіз де шындыққа жатпайды. Мен бұл мәселелерді ректор бола жүріп те талай көтергенмін. Егер түбін қазбаласаңыз, оған дәлеледемелер жетіп артылады», - деп атап өткен жазба авторы. 

Ақылбек Күрішбаев бұған дейін бюджет қаражатының игерілмеуі және оны мақсатсыз пайдалану фактілерінің көбейгенін, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын цифрландыруға бөлініп жатқан қыруар қаражаттың тиімділігін тексеруді сұрап бірнеше рет үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын.