$ 494.87  520.65  4.91

«Қаламызда Назарбаев даңғылындағы Кеңес одағы гербі мен БЛКСМ белгісін алып тастайтын жан болмай отыр» - ақын

Қызыл империя кезеңін көксеушілердің көңіліне қарайлады ма, кім білсін, әлгі рәміздерді алуға ешбірі құлық танытпапты.
фото: facebook.com
фото: facebook.com

Баспасөз беттерінде Кереку өңірінде келмеске кеткен Кеңес одағы мен патшалық заманды аңсайтын топтардың бар екендігі туралы жиі айтылып жатады. Олар Тәуелсіз қазақ елінде тұрса да, советтік символикалар мен ескі рәміздерді әлі де тықпалап келеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Керекулік ақын, журналист әрі қоғам белсендісі Арман Қани өзінің жеке парақшасында тәуелсіз ел болғанымызға отыз жыл өтсе де, КСРО гербі мен «БЛКСМ жасасын деген көне лозунгтар» әлі алынбаған ғимараттар барын айтқан. Журналистің айтуынша, сондай рәміздердің  бірі қала орталығындағы көшелердің бірінде әлі тұр. Көше болғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы даңғыл көрінеді. 

«Павлодар қаласында Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында кеңестік рәміздер әлі тұр! Кезінде облыстық «Қазақ тілі» қоғамының «Ертіс дидары» газетінде Кутузов көшесінің (қазір Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы) № 46 тоғыз қабатты тұрғын үйдің қабырғасында Кеңес одағы гербі мен Бүкілодақтық лениндік коммунистік комсомол жастар одағы белгісінің бейнелемелері тұрғанын жазып, суреттерін де салғанбыз. Сол кездегі шенеуніктер арасында көрер көз, естір құлақ болмады ма, әлде олар қызыл империя кезеңін көксеушілердің көңіліне қарайлады ма, кім білсін, әлгі рәміздерді алуға ешбірі құлық танытпапты. 

Осынау шақта жас ұрпаққа егемен елдіктің қадыр-қасиетін ұғындырып, отаншылдық сезіміне тәрбиелеу ісіне баса назар аударылуы керек қой. Келесі 2021 жылы Кеңес одағының ыдырап, Тәуелсіз ел Қазақстан Республикасының құрылғанына 30 жыл толады. 

Тиісті мекемелерден кеңестік рәміздерді алып тастап, олардың орнына егемен елдігімізді әспеттейтін бейнемелердің орнатылуын өтінемін», -  деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Арман Қани ағамыз бұл өңірде келмеске кеткен Кеңес одағы мен патшалық заманды аңсайтын топтар бар екенін үнемі айтып келеді. 

Олар әрбір 5 жыл сайын жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар 1720 жылы патша әскерлерінің қазақ жерін жаулап алып қазіргі Павлодар қаласының орнында Коряков Яр бекінісін салғанын мереке ретінде тойлау жөнінде мәселе көтеріп отырады.

Олар әуелде, 1990 жылы қаланың орталық алаңында Омбыдан казактардың әскери формаларын алдырып, зеңбіректердің макетін жасап, патша әскерлерінің басқыншылық жорығына 270 жыл толуын театрланған көріністер арқылы дәріптемек болған.

Абырой болғанда, жергілікті мемлекетшіл, отаншыл азаматтардың наразылық көрсетуінің нәтижесінде патшашыл-кеңесшіл топтардың жоспарлары іске аспай келеді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары