$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақты құбыжық етіп көрсетудің кезекті амалы»: жұрт Қонаевқа қойылған ескерткішті қабылдай алмай жатыр

Намысқа тиетін мүсіндерді таңдаған, оны бекіткен, рұқсат берген, қаржы бөлген лауазым иелері қатаң жауапқа тартылу, оларға кеткен шығынды толық өтету керек.
фото: sputnik.kz
фото: sputnik.kz

Алматы облысының Бақанас ауылындағы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне қойылған ескерткіш-монумент әлеуметтік желі бетінде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Кәсіби мамандар ғана емес қарапайым желі қолданушыларының өздері жаңа монументті сынға алып, өз қарсылықтарын білдіріп жатыр. Айтуларынша, ұлы тұлғаның құрметіне қойылған ескерткіш өте талғамсыз жасаған, тіптен пропорциясы да сақталмапты.

Белгілі саясаттанушы әрі қоғам белсендісі Расул Жұмалының жазуынша, бұл әдейі жасалған дүние. Яғни қазақты әлдебір құбыжық етіп, өзіне өзін жеккөрінішті көрсетудің кезекті амалы. 

«Дінмұхамед Қонаев бабамызға ескерткіш қойылғаны Қазақ елінде кімді де қуантары анық. Алайда соңғы мүсіннің осыншама ұсқынсыз, талғамсыз, тіпті қарапайым адам физиологиясына қайшы жасалғаны елдің негізді ашу-ренішін тудырып отыр. Меніңше, бұл жай ғана кездейсоқтық емес, Қазақты әлдебір құбыжық етіп, өзіне өзін жеккөрінішті көрсетудің кезекті қаніпезер амалы. Ең сорақысы - тегіс ұлтты осылай кемсіту біздің есебімізден болып отырғаны. Аталғандай масқара мен басынғандықты біржолата тыю керек. Ол үшін осы да басқа намысқа тиетін мүсіндерді таңдаған, оны бекіткен, рұқсат берген, қаржы бөлген лауазым иелері қатаң жауапқа тартылу, оларға кеткен шығынды толық өтету керек. Жариялы түрде. Және бұдан былай Қазақ асылдарының есімдерін асқақтатуға келгендегі шешімдер қоғамның толық бақылауымен жүргені міндетті», - деп facebook парақшасы арқылы өзінің қарсылығын білдірген. 

Сонымен қатар, кәсіби мамандар да қарсылық білдіріп жатыр. Мүсінші Олжас Мұхамеди бұл ескерткішке «Тендер мен параға арналған ескерткіш!» деген баға берген. 

«Тендер мен параға арналған ескерткіш! Мен Қазақстандағы ескерткіштер мен мүсіндер мәселесін бұрыннан бері көтеріп келемін. Алайда бәріне қазіргі жағдай ұнайтын сияқты. Бәлкім, президент осы проблемаға назар аудар. Мен өзім 60 адамнан тұратын бір топ мүсіншілердің атынан ұсыныс беруге дайынмын", – деп жазған Мұхамеди Facebook парақшасында.

Sputnik Қазақстан сайтының жазуынша, Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбеген. Барлығы демеушілер қаржысына жасалып жатқанға ұқсайды.

Аталмыш сайттың ресми сұрауына Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары «2020 жылы 15 қазанда мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш орнату бойынша барлық құжатты мақұлдаған болатын. Одан кейін тиісті құжаттар Нұр-Сұлтанға мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді», - деп жауап берген. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары