28.10.2020, 16:00

«Ұлы Тұран армиясын құратын уақыт келді» - журналист

Фото: tazael.kz
Жақындасу бағытында осы бастан ақырын жұмыс істей беру керек.

Елімізге Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың келуі тегін емес секілді. Акар мырза біздің елдің қорғаныс саласының мамандарымен өңірлік қауіпсіздік, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, соның ішінде кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелері бойынша біраз мәміледен кейін бірден көрші мемлекет – Өзбекстанға табан тірегені белгілі.

Хулуси Акардың бұл жүрісі расы керек, көптен бері айтылып жүрген түркі елдерінің ортақ әскери одағы немесе Тұран армиясы мәселесін қайта көтеріп кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Түркияның беделді басылымдарының бірінің кешегі санында түркі халықтарын Ұлы Тұран армиясын құруға шақырған мақала жарияланыпты. Бұл туралы журналист әрі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желісіне жариялаған.

Журналистің жазуынша, енді осы бастан ақырын жұмыс істей беру керек. 

«Түркияның беделді басылымы Türkiye Gazetesi газеті кешегі басбетінде Ұлы Тұран армиясын құруға шақырды...

Түркі мемлекеттерінің біріккен армиясына Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан әскерлері кіру керек деп санайды басылым... Аталған мемлекеттердің Түркиядан өзгелері Батыс пен Шығыс үшін бар болғаны шикізат көздері болса, діндес деген арабтар үшін ит жүгіртпесе де, құс салып, көңіл көтеріп, сауық-сайран құратын жер екеніне көзіміз жетті ғой...

Олай болса, бізге қалатыны осы бастаманы қолдап, идеяны дамыта беру..

Еуроодақ толыққанды одаққа айналу үшін 40 жылдай уақыт кетті. Соның өзінде әлі ішкі қайшылықтар жетерлік. Тіпті кейбір мүшелері Одақтан шығып үлгерді. 

Сол тәжірибені ескеріп, жақындасу бағытында осы бастан ақырын жұмыс істей беру керек», - деп жазған ол өзінің өзінің facebook парақшасында.