$ 498.34  519.72  4.85

«Көше партиясына» қатысы бар деп айыпталған белсенділер енді «экстремистік ұйым құрды» деген күдікке ілінді

"Экстремистік ұйым құру" айыбы аса ауыр қылмыс болып есептеледі және бұған 10 жылдан 17 жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Алматылық үш белсенді Абай Берімбетов, Асхат Жексебаев және Қайрат Қылышовтың ісін тексеріп жатқан тергеуші 29 қазанда қаулы шығарып, оларды "экстремистік топ құрды" деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты.

Адвокаттың сөзінше, осыған дейін "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп қамауға алынған үш белсендіні тергеу изоляторынан полиция департаментіне әкеліп, жаңа қаулымен таныстырған.

- Тергеуші Ғазиз Қажыбаев Алматы қаласы полиция департаменті ғимаратында үшеуіне қаулыны таныстырып, олардың 182-бап 1-тармақ бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін айтты, - дейді адвокат.

Алматылық үш белсенді "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" ("Көше партиясы" қозғалысы) деген айыппен тамыздың соңында қамауға алынған еді.

Қылмыстық кодексте "тыйым салынған ұйым жұмысына араласу" айыбы "орташа ауыр қылмыс" саналса, "экстремистік ұйым құру" айыбы аса ауыр қылмыс болып есептеледі және бұған 10 жылдан 17 жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

Қазанның ортасында Алматы қаласы тергеу соты "Экстремистік ұйым құру" бабы бойынша тексеру жүргізу үшін" Бегімбетов, Жексебаев және Қылышевтің қамау мерзімін тағы бір айға созған.

— Бүгін үш белсендіге қозғалған екі іс бір тергеуге біріктірілді, — деді Нұрпейісов.

47 жастағы Асхат Жексебаев наразылық шараларына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік жазаға тартылған. Билік оның шараларын "заңсыз" деп таныған.

47 жастағы Абай Бегімбетов белсенділігімен танымал. 18 маусымда ол Алматыдағы "субботаж" қарсылық акциясына қатысқаны үшін айыппұл алған.

37 жастағы Қайрат Қылышев наразылық шараларына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік жазаға тартылды. 22 тамызда оны бір күнде екі рет соттаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов және Қайрат Қылышевті саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Биыл мамырда Бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы наурызда сот бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары